Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Дәрігер: Елде 18 мыңнан астам адам есірткі мен психотроптық заттарға тәуелді

18 Маусым 2025, 17:09
534
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Астана Медицина университеті жанындағы академик Е.Д. Даленов атындағы ғылыми зерттеу институты СӨС орталығының басшысы Жанна Нұрберген есірткіге тәуелділікке қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, есірткіге тәуелділіктің алдын алу – қоғамның ортақ міндеті.

Бүгінгі таңда есірткіге тәуелділік – өте өзекті әрі қауіпті әлеуметтік проблема. Оның әсері тек жеке тұлғаға ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамға ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан ең тиімді жолы – алдын алу. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде психоактивті заттарға байланысты психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар 108 722 адам бақылауда тұр, олардың ішінде 18 329 адам есірткі мен психотроптық заттарға тәуелді екені анықталған. Бұл көрсеткіштің 91%-ы – ер адамдар, ал 9%-ы әйелдер екен, - деп атап өтті Жанна Нұрберген.

Сонымен қатар есірткі тәуелді 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі басым.

Есірткіге тәуелді жастардың үлесі – 18-29 жас аралығында 2 734 адам, яғни 15%-ды құрайды. Бүгінгі таңда есірткіге тәуелділік – жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Ол тек бір адамның емес, тұтас отбасы мен қоғамның тағдырына әсер етеді. Сондықтан бұл дертпен күресудің ең тиімді жолы – оның алдын алу. Есірткімен қазірден күреспесек, оның салдары өте зиян. Адам денсаулығына ғана емес, психикасына, өмірге деген құлшынысына, отбасылық және әлеуметтік байланыстарына да залалы шаш етектен. Адам бір рет қызығып көрген нәрсесі үшін өмір бойы өкініп, өз тағдырын ғана емес, жақындарының да өмірін қиындатуы мүмкін, - дейді дәрігер.

Спикер есірткіге елітпеудің алдын алу үшін бірнеше жолды атады.

1. Білім мен тәрбие – мектепте, колледжде, жоғары оқу орындарында есірткі жайлы ашық әрі нақты түсіндіру маңызды.

2. Ата-ана бақылауы – баланың бос уақытын, айналасындағы ортасын қадағалау, ашық сөйлесе білу – басты қадам.

3. Салауатты өмір салты – спортпен айналысу, шығармашылықпен шұғылдану, еріктілік – баланы есірткіден алшақтатады.

4. Қоғамдық қолдау– әр адам айналасындағы жастарға үлгі болып, қиындыққа тап болған жанға көмек қолын соза білсе, бұл күрестегі үлкен үлес қосатыны анық.

Өзгелердің жаңалығы