Дархан Қыдырәлі: Мерзімді басылымдар - өңірлік ақпарат құралдарының алғы шебі

25 Қаңтар 2023, 16:47
2045
Бөлісу:
Дархан Қыдырәлі: Мерзімді басылымдар - өңірлік ақпарат құралдарының алғы шебі

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік БАҚ форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, мұндай жиындардың берері көп. 

Біз бұған дейін отандық медиа индустрияны дамыту, іскерлік қатынастарды күшейту мақсатында Astana Media Week халықаралық медиа апталығын ұйымдастырған едік. Сондай-ақ аймақтағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселесі көтерілген Орталық Азия медиа форумын өткіздік. Оған өзге мемлекеттерден экс-президенттер, әлемдік медиа саласының белгілі мамандары, Пулицер сыйлығының иегерлері бастаған 300-ден астам делегат қатысты. Алқа мәжілісінде ақпарат бақ мәселесін көтердік, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Министр кезек мерзімді басылымдарды талдап, саралауға жеткенін алға тартты. 

Енді, міне, мерзімді басылымдардың хал-ахуалын аңдап, жағдайын талдап, бағыт-бағдарын саралаудың кезегі келіп отыр. Мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті. Аудан-аймақтарымыздың ардақты азаматтары, зиялылар қауымы топтасатын өнегелі орта. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары тырнақалды туындыларын сонда жариялап, елге танылды, - деді Дархан Қыдырәлі. 

Еске сала кетейік, Астанада өңірлік мерзімді баспасөз басылымдары форумы өтуде. Жиынға өңірлік басылым басшылары, бас редакторлар, журналистер, редакция қызметкерлері сынды 200-ден астам делегат қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы