Дәрігерлер Өзбекстан азаматын қауіпті инфекциядан аман алып қалды

1 Қазан 2019, 06:18
1850
Бөлісу:
Дәрігерлер Өзбекстан азаматын қауіпті инфекциядан аман алып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды қаласындағы инфекциялық ауруханада ем алған Өзбекстан тұрғыны кейін аталмыш медицина мекемесіне келіп, дәрігерлерге алғысын айтты, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

19 жастағы науқас ауыр халде реанимацияға түскен болатын. Оған сіреспе диагнозы қойылды. Бір айға жуық уақыт бойы қарағандылық дәрігерлер оның өмірі үшін күрескен.

Шохрух Тошпулатов Қарағандыға маусым айында келген. 10 күннен кейін ол ауыр тырысулар мен қатты ауырсынуды сезінген. Кейін анықталғандай, ол өз елінде табанын шегемен жаралап алып, медициналық көмекке жүгінбеген.

25 маусым күні жас жігіт облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылды. Емдеу 29 күнге созылды. Пациентке тырысқаққа қарсы сарысу және антибиотиктер егілді, тырысуға қарсы және симптоматикалық ем жүргізді. Шохрух 2 апта бойы өкпені жасанды желдету аппараты арқылы дем алды.

«Бұл ауру тері жамылғысының жарақат алуы, шаң, кір түсуі кезінде дамуы мүмкін. Егер адамға екпе жасалмаса, сіреспені жұқтыру ықтималдығы көп. Уақытты жіберіп алмау өте маңызды - сондықтан инфекциялық ауруханада үздік мамандардың қатысуымен консилиум өткізілді және емдеудің белгілі бір тактикасы жасалды», - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Ауруханадан шыққаннан кейін Шохрух Тошпулатов үйіне оралып, бірнеше ай өткен соң Қарағандыға қайта оралды. Ол өмірін ажалдан арашалап қалған медицина қызметкерлеріне алғысын білдіру үшін арнайы келген екен.

«Бөлім меңгерушісі Айнагүл Сарамановаға және реаниматолог дәрігер Артём Вирцке жоғары біліктілігі және емделушілерге деген ыстық ықыластары үшін үлкен рахметімді айтамын. Менің осы кісілерге деген алғысым шексіз. Олар менің өмірімді сақтап қалды», - дейді Шохрух Тошпулатов.

Жыл сайын 160 мыңнан астам адам сіреспе ауруынан көз жұмады. Тіпті дамыған елдерде емдеудің ең заманауи әдістерін қолданған жағдайда да ауруханаға жатқызылған науқастардың 30-60% қайтыс болады. Қажетті мөлшерде сіреспеге қарсы сарысуы жоқ өңірлерде өлім-жітім 80%-ға дейін жетеді.

Медицина қызметкерлері сіреспе дертін 4 формаға бөледі: шұғыл, өткір, өткір түрге жақын, созылмалы. Мамандардың айтуынша, сіреспе ауруының алдын алудың ең тиімді әдісі - ерте жастан бастап жүргізілетін профилактикалық екпелер жасау.
 



 

Өзгелердің жаңалығы