Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Алексей Цойға СҚ-Фармация жұмысына қатысты сауал қойды.
Бұған дейін қажет болса, СҚ-Фармация қызметінің тиімділігін арттыру үшін жұмысын қайта қарауды тапсырған болатынмын. Өздеріңіз СҚ-Фармацияға қатысты қандай проблема болғанын білесіздер. Өте маңызды реформа қажет. Осы ретте қандай жұмыс жасалды? – деді Президент Тоқаев отырыста.
Министр берілген тапсырмаға сәйкес коррупцияға тәуекел бойынша ішкі талдаулар жүргізілгенін айтты.
Қазір Антикор қызметінің бақылауында тұрған нақты іс-шаралар жоспары жасалды. Біз қоғамдық жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында 23 адам бар - азаматтық қоғам өкілдері, ассоциация, депутаттар. Дәрілік заттарды сақтау және тасымалдау бойынша қызметтерді электрондық сатып алуға көшу маңызды жұмыстардың бірі болды. Ол қазір толығымен электронды форматқа көшті. Осы жылы 100 пайыз онлайн форматқа көшуді жоспарлап отырмыз. Осы өзгерістердің арқасында өткен жылмен салыстырғанда 302,7 млрд теңгеге үнемделгенін көріп отырмыз, - деді Денсаулық сақтау басшысы.
Сондай-ақ, СҚ-Фармацияны қайта құрудың жаңа бағдарламасы жасалды. Қазір дамудың жаңа стратегиялық жоспарлары жасалып жатыр.
Өткен жылы отандық тауар өндіруші 24 компаниямен ұзақмерзімді келісімшарт жасадық. Өтінімге берілген 1465 дәрі-дәрмек Қазақстанда өндірілетін болады. Бұл жұмыс қазір жасалып жатыр және бақылауда тұр, - деді ол.Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр Александр Цой Президенттің бірқатар сауалына жауап берген болатын.