Цой: Халық денсаулығын дамыту үшін бүкіл қоғам бірігу керек

3 Желтоқсан 2020, 22:22
1292
Бөлісу:
Цой: Халық денсаулығын дамыту үшін бүкіл қоғам бірігу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс және Орталық Азия мен ҚР-дағы «Санофи» компаниясының Басқарма төрағасы Виталий Быстрюковпен онлайн-кездесу өткізді.  

Жүздесу барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен қазақстандық «Санофи» компаниясы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Бүгінде екі елдің және ұйымдар арасында ынтымақтастық, тұрақтылық бар және оны әріқарай дамытуға мүмкіндік мол. Өйткені әлі де екіжақты әлеует толық пайдаланылмаған. Біз осы бағыттағы жұмысты жандандыруға және тараптар үшін өзара тиімді перспективалық бағыттарды бірлесіп айқындауға дайынбыз, - деді. А. Цой.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Дидье Канессті тағайындалуымен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы, әсіресе, COVID-19 пандемиясымен күрестегі Қазақстан-француз ынтымақтастығын нығайту қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ Франция мен «Санофи-Авентис Қазақстан» компаниясына коронавирус инфекциясымен күресте техникалық және консультациялық көмек көрсеткені үшін ризашылық білдірді.

Бұл екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынасты, сондай-ақ пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты тағы да айғақтайды, - деді А. Цой.

Қол қойылған Меморандумның негізгі ережелері денсаулық сақтау саласын сапалы  дамытуға, 2025 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыруға, инфекциялық емес аурулардың проактивті профилактикасы моделін енгізуге және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауруларды басқару бағдарламаларын кеңейтуге бағытталған.

2020 жыл азаматтар үшін медициналық-санитарлық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға кешенді тәсіл қажет екенін көрсетті. Халық денсаулығын сипаттайтын көрсеткіштерді сапалы дамыту үшін мемлекеттік ведомстволар, бизнес өкілдері, барлық деңгейдегі қоғамдық ұйымдар, халықтың инновацияларға қолжетімділігіне тікелей әсер ететін құрылымдарды қоса алғанда, бүкіл қоғам бірігу керек, - деді министр.

Құжатқа сәйкес, «Санофи» компаниясы диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары, орфандық (сирек кездесетін) аурулар, иммунология және онкология, вакциналар, рецептісіз препараттар сияқты бағыттарда терапевтік шешімдерді дамыта отырып, инновациялық жоғары сапалы дәрілік препараттарды ұсына отырып, пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстанның мемлекеттік органдарымен ынтымақтасатын болады.

Бүгінде әлемде «Санофи» компаниясы Covid-19 коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы кезеңінде біз диабет, жүрек-қантамыр, сирек кездесетін орфандық аурулар сияқты созылмалы аурулары бар пациенттерді дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуге күш салдық. Меморандумның маңызды міндеттерінің бірі - қазақстандықтарды тіркелген сәттен бастап қысқа мерзімде инновациялық препараттармен қамтамасыз ету. Осы Меморандумға қол қоя отырып, «Санофи»  науқастарды сапалы терапиямен қамтамасыз ету бойынша мемлекетпен бірге жұмыс істеуге, тәуекелдерді бөлісуге дайын екендігін білдіреді,- деді В.Быстрюков.

Кездесу соңында тараптар бірлескен күш-жігер пандемиямен күресте тиімді және тұрақты нәтиже беретініне сенім білдірді. Ал Меморандумға қол қою одан әрі серіктестікке серпін беріп, қазақстандық қоғамның денсаулығын нығайтуға үлес қосады.

Өзгелердің жаңалығы