COVID-19. Жағдай тұрақталып келеді – комитет төрағасы

27 Сәуір 2020, 16:12
1939
Бөлісу:
COVID-19. Жағдай тұрақталып келеді – комитет төрағасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев министрліктің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфир кезінде мәлімдеді.

Қазіргі таңда елімізде COVID-19 инфекциясымен 2791 адам тіркелген. Оның ішінде 70% немесе 1957 адам жақын байланысты болғандар, жергілікті жағдайлар бойынша 17% немесе 473 жағдай, шет мемлекеттен келгендер бойынша 11% немесе 302 сырқат. Өткен аптада республика бойынша өсім 4,5-8% арасында болды. Бұл өсім наурыз айымен салыстырғанда біртіндеп тұрақталып келеді. Алайда, өткен аптада еліміздің кейбір өңірінде өсім 50%-ға дейін жоғары болды. Жалпы, 682 адам жазылып шықты. Потенциалды байланыста болған 47 839 адам анықталды, оның 98,5% үй карантиніне жатқызылды, - деді ол.

Комитет төрағасы тікелей эфир барысында 11 мамырға дейін созылған төтенше жағдай режимі кезінде қазақстандықтардың вирустан қалай сақтану керегін тағы бір еске салды.

Ең бастысы - оқшаулану. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі беріп жатқан ережелерді қатаң сақтап, адамдармен байланысты барынша шектеу керек. Аса қажет болмаған жағдайда сыртқа шықпаған дұрыс. Бұған дейін талай ескертіп жатқанымыздай, жеке бас гигиенасына байланысты қарапайым ережелерді сақтап, адам көп шоғырланатын жерлерден алшақ жүрген жөн. Егер Қазақстандағы әрбір адам осы ережелерді есте ұстаса, коронавирус індетін жеңіп шығамыз, - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Өзгелердің жаңалығы