Cамара-Шымкент тасжолының бойында жұмысшылар мінген автобус аударылды

14 Қазан 2022, 02:16
1000
Бөлісу:
Cамара-Шымкент тасжолының бойында жұмысшылар мінген автобус аударылды

Ақтөбеге жақын жерде автобус аударылып, ішіндегі жұмысшылардың бірнешеуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ inbusiness.kz жазған ақпаратқа сілтеме жасап.

Жол апаты кеше сағат 09:00-де Самара-Шымкент тасжолында Хромтау қаласы маңында болған. Автобустағы жұмысшылардың барлығы күзет компаниясының қызметкерлері.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Neoplan" маркалы автобус аударылып қалған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінен 22 қызметкер мен 4 техника жіберілді. Сонымен бірге медициналық орталық пен полиция, жедел жәрдем қызметі де жетті.

Оқиға орнына облыстық ТЖД-нің бастығы Марғұлан Аманбаев пен Өрт сөндіру қызметінің бастығы А.Қадыров кетті. Алдын ала түскен мәлімет бойынша автобус ішінде 55 адам болған. Оның 14-і жараланған, – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазиннің айтуынша, автобустағы 34 адам емдеу мекемесіне жеткізілді. Оның екеуі – интенсивті терапия, 10 адам – хирургия, екеуі гинекология бөлімдеріне жатқызылды. Қалғандарын дәрігерлер әлі де тексеріп жатыр.

Жарақат алған адамдарды қарап болған соң үйіне жібереміз немесе бөлімдерге бөлеміз. Жолаушылар түрлі жарақат алған. Сүйегі сынғандар, бас-ми жарақатын алғандар бар. Ем-дом жасау үшін дәрі-дәрмек, қажеттінің бәрі бар. Оларды өзімізде емдейміз, – деді Мақсат Серғазин.

Өзгелердің жаңалығы