Бюрократияны тексеруге кететін күштің барлығы нақты жемқорлыққа жұмсалатын болады

2 Шілде 2021, 14:02
1494
Бөлісу:
Бюрократияны тексеруге кететін күштің барлығы нақты жемқорлыққа жұмсалатын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында бірқатар сұрақтарға жауап берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егер мемлекеттік қызметкер қате шешім қабылдаса, бірақ бюджет қаражатын ұрлау немесе пара алу арқылы заңсыз баю секілді арам пиғылы болмаса, оны қылмыстық жауапқа тартпау керек» деген сөзін алға тартқан бағдарлама жүргізуші қоғамда талқыға түскен Мемлекет басшысының сөзіне қатысты Дәурен Абаевтың пікірін сұрады.

Бұл мәселедегі мемлекеттің позициясын анық әрі қолжетімді түрде түсіндіру үшін маған, өкінішке қарай, ақиқат дүниелерді айтуға тура келеді. Оларды еске салғаным дұрысырақ болатын шығар. Бүгін билік мемлекеттік басқару сапасының төмендеп кеткеніне есеп беруде. Біз жүйелік сипаттағы басқарушылық қателіктеріне жол беріп отырғанымызды түсінеміз. Бәрі жемқорлық туралы айтқан кезде непотизм, бюрократизм сынды мемлекеттік аппараттың «күнәларын» айтады. Бұл мәселелерді қалай шешу керек деген іске келгенде бәрінің айтары: «әділетсіз, білімсіздердің орнына ақылды, әділ, білімділерді қою керек». Әрине, мұның бәрі әдемі сөздер, - деді Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Абаевтың сөзінше, проблема мұнда емес болып отыр. 

Кез келген шенеунік «кәсіби экожүйе» деп аталатын белгіленген координаталар жүйесінің аясында жұмыс істейді. Ол ережелер, лауазымдық нұсқаулықтар, ерекшеліктер, қызметтік иерархия сынды іш пыстырарлық дүниелерден тұрады. Көбінесе осы параметрлер мейлі үш рет Нобель сыйлығының лауреаты немесе мегакреативті интеллектуал болсаң да, ерте ме, кеш пе сен бәрібір есеп пен қағаз кемірген классикалық шенеунікке, бюрократқа айналасың. Бұл неліктен орын алады? Өйткені адам белгілі бір нұсқаулықпен әрекет етуі тиіс. Ол қандай да бір тапсырманы күтеді. Яғни бастама білдірмейді, жауапкершілікті өз қолына алмайды, - деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, Президенттің тапсырмасы мемлекеттік басқару жүйесінің параметрлерін өзгертудің ең бірінші қадамдарының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметкердің инерттілік, бастаманың болмауы, аз ғана болсын қате жіберіп аламын-ау деген қарабайыр қорқынышы мемлекетке жемқорлыққа қарағанда көп зиян келтіретін көрінеді. Бұл жай ғана айтыла салған сөздер емес.

Қарапайым мысал, өткен жылы жазда пандемия шарықтау шегіне жеткен уақытта дәрі-дәрмек, маска, аппарат сатып алу үшін жылдам әрекет етіп, жауапкершілік алу қажет болған кезде адамдар нұсқаулықты, ресмилікті күтті. Ал сол уақытта қанша адамға дем жетпей, ем-домсыз қалды. Бұған себеп, актілерге қол қойылмады. Тек Президент Тоқаевтың тікелей араласуымен шешім қабылдау процесі жылдамдатылды, - дейді Дәурен Абаев.

Жемқорлықпен күресуді ешкім тоқтатпайтындығын алға тартқан Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары керісінше, бюрократияны тексеруге кететін күштің барлығы нақты жемқорлыққа жұмсалатын болады деп отыр. Осылайша, барлығымыз мемлекеттік қызметкердің әлеуетін ашуға күш жұмсауымыз қажет.

Өзгелердің жаңалығы