2025 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы жаңа Бюджет кодексі аясында жүзеге асқанымен, қаражатты жоспарлау мен игеру сапасына қатысты бірқатар жүйелі мәселе сақталып отыр. Бұл туралы Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті таныстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік органдарға кеңірек дербестік берген. Сонымен қатар бюджет процесіне қатысушылардың есептілігі мен жауапкершілігі күшейтіліп, парламенттік бақылау тетіктері нығайтылған.
Алайда жүргізілген аудит бюджет жүйесіндегі бірқатар маңызды кемшіліктердің әлі де сақталып отырғанын көрсеткен.
Бюджетті цифрландыру толық аяқталмаған
Смайыловтың сөзінше, мемлекеттік қаржыны басқаруда цифрландыру маңызды рөл атқарғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі толық аяқталмаған.
Қазіргі уақытта республикалық бюджет қаражатының қозғалысы тек бюджеттің екінші деңгейіне дейін ғана бақыланады. Ал қаражаттың түпкілікті нәтижелілігін бағалайтын көрсеткіштер ақпараттық жүйелерде толық қамтылмаған.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстары өзара толық ықпалдастырылмаған.
Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың деректері кей жағдайда бір-бірімен салыстыруға келмейді, – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Бір жылда 2,4 трлн теңге қайта бөлінген
Аудит нәтижелері бюджет шығыстарын жоспарлау мәселелері әлі де өзекті екенін көрсеткен.
Мәселен, 2025 жылы республикалық бюджет аясында 2,4 трлн теңге көлеміндегі қаражат қайта бөлінген.
Кейбір мемлекеттік органдар жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бастапқы жоспарланған қаржының 90 пайызына дейін қайта қарауға мәжбүр болған.
Бұл жоспарлау сапасына қатысты сұрақтар туындататынын атап өтті.
75 млрд теңгенің жобалары тоқтатылған
Смайыловтың мәліметінше, жыл ішінде республикалық бюджеттен қаржыландырылуы тиіс жалпы құны 75 млрд теңге болатын 99 жоба алып тасталған.
Сонымен қатар аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның бестен бірі межеленген мерзімде аяқталмаған.
Жоғары аудиторлық палата мұны бюджет қаражатын жоспарлау мен іске асырудың тиімділігіне әсер ететін факторлардың бірі ретінде бағалап отыр.
Тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі артқан
Аудит қорытындысы бойынша тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі де өскен.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан.
Сонымен бірге бөлінген қаражаттың игерілу деңгейі жоғары болғанымен, күтілген нәтижелер толық орындалмаған.
Смайыловтың айтуынша, орталық мемлекеттік органдар деңгейінде бюджеттік бағдарламалар бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орта есеппен 5 пайызына қол жеткізілмеген.
Өңірлердегі жағдай бұдан да күрделі. Жергілікті деңгейде жоспарланған көрсеткіштердің шамамен 33 пайызы орындалмаған.
Аудиторлар ұлттық деңгейдегі маңызды көрсеткіштердің де орындалмай қалғанын анықтаған.
Атап айтқанда, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, экология және басқа да стратегиялық бағыттар бойынша 11 негізгі ұлттық көрсеткіш пен 30-дан астам нысаналы индикаторға қол жеткізілмеген.
Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылы 649 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылғанын хабарлаған едік.
Тағы оқи отырыңыз: Туризмнен бюджетке 630 млрд теңгеден астам салық түсті