Туризмнен бюджетке 630 млрд теңгеден астам салық түсті

Туризм саласының ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жетіп, салада жұмыспен қамтылғандар саны 600 мың адамнан асты.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 10:48
Бүгiн 2026, 10:48
137
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанның туристік саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризмнен түскен салық түсімдері 630 млрд теңгеден асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Оның айтуынша, саланың ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жеткен.

Қазақстанға келген шетелдік туристердің шығыны 2,9 млрд долларды құрады. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 33 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Салық түсімдері 18 пайызға артып, 630 млрд теңгені құрады, – деді министр.

Қазір туризм саласында 600 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Саланы одан әрі дамыту мақсатында биыл наурыз айында заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілген. Атап айтқанда, шекарадан өтетін туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізіледі. Бұл ұйымдасқан туристік топтардың шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заңнамада визит-орталықтар ұғымы бекітіліп, олардың жұмысына қойылатын талаптар айқындалды. Бұдан бөлек, гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметіне қатысты жаңа ережелерді бекіту жоспарланып отыр.

Өзгерістердің бір бөлігі ішкі туризм мен отбасылық демалысты дамытуға бағытталған. Енді 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық парктерге тегін кіре алады.

18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болды. Бұл шара ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыруға және демалыс пен каникул кезінде танымдық сапарларға қосымша мүмкіндік жасауға бағытталған, – деді Ербол Мырзабосынов.

Үкіметте жаңа шаралар туристер ағынын арттыруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және салаға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді деп есептейді.

Наверх