Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева Мәжілісте Үкімет пен Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы ұсынған 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылау барысында бірқатар жүйелі проблемаларды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, биыл алғаш рет Үкімет есебі жаңа Бюджет кодексіне сәйкес пилоттық форматта әзірленген. Құжаттарға мемлекеттік инвестициялық жобалар, бюджеттен тыс қорлар, квазимемлекеттік сектор, мемлекеттік активтер және шоғырландырылған бюджет бойынша талдау материалдары қоса берілген.
Депутат мұны мемлекеттік қаржыны кешенді қарастыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалады. Сонымен бірге есеп материалдарын әдіснамалық және мазмұндық тұрғыдан жетілдіру қажет екенін айтты.
Келесі жылдан бастап жаңа Бюджет кодексінің талаптарына толық сәйкес келетін мазмұнды әрі толыққанды есеп пакетін қалыптастыру маңызды, – деді Дәния Еспаева.
Депутаттың мәліметінше, 2025 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 335 млрд теңгеге орындалмаған. Оның айтуынша, салық және кедендік түсімдерді болжау сапасына қатысты мәселелер әлі де сақталып отыр.
Сонымен қатар республикалық бюджеттің Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділігі жоғары деңгейде қалған. 2025 жылы қордан алынған қаражат көлемі 5,3 трлн теңгені құраған.
Бұл ретте Ұлттық қорға түсетін түсімдердің толықтығы және пайдаланылмаған қаражатты уақытылы қайтару бойынша жүйелі мәселелер сақталып отыр, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат тапшылығы екінші жыл қатарынан тіркелгенін де айтты. Соның салдарынан 2025 жылы 279 млрд теңге игерілмей қалған. Оның 243 млрд теңгесі қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты болған.
Бұдан бөлек, жыл ішінде республикалық бюджетке 8 рет түзету енгізілген. Депутат бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығы мен сапасын арттыру үшін бұл жағдайға жан-жақты талдау қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары өсіп келе жатқаны айтылды. Егер 2021 жылы бұл көрсеткіш 978 млрд теңге болса, 2025 жылы 2,6 трлн теңгеге жеткен.
Дәния Еспаева квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігіне қатысты мәселелер де өзекті болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау көлемі жоғары болғанымен, жекелеген субъектілердің экономикалық қайтарымы, ашықтығы және дивидендтік саясатына қатысты сұрақтар бар.
Сонымен қатар депутат Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы 649 млрд теңге көлемінде тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатын тіркегенін айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда азаматтардың миллиардтаған қарызы кешірілетіні хабарланды.
Сндай-ақ, қандай тұлғалар рақымшылыққа ілікпейтінін ІІМ түсіндірген еді.