Былтыр ішкі туристер саны 50%-ға өсті – Дәурен Абаев

1 Маусым 2022, 15:14
1355
Бөлісу:
Былтыр ішкі туристер саны 50%-ға өсті – Дәурен Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, былтыр ішкі туристер саны 7 млн-ға жуық адамды құраған. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 50%-ға өсті. Бұл – 6,9 млн адам. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға жоғары. Сонымен қатар 2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристер саны азайды. Мұның себебін карантиндік шаралар мен сыртқы шекаралардың жабық болуымен байланыстырамыз, - деп атап өтті министр. 

Сонымен қатар ұлттық саябақтарға келушілердің саны арта түскен.

Іле-Алатауы (212 мыңнан 430 мыңға дейін), Көлсай (83 мыңнан 160 мыңға дейін), Шарын (16 мыңнан 35 мыңға дейін) сияқты Ұлттық парктерге келушілер санының еселеп өсуі ерекше байқалады. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді қамтыды. Нөмірлік қор өсіп, 193 мың төсек-орынды құрады.

Аймақтар арасында Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарынан өзге өңірлерде орналастыру орындарының көбейгені байқалады, - деді ведомство басшысы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Имантау-Шалқар курорттық аймағында туризмді дамыту үшін пилоттық жоба ретінде инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жеке инвесторларды тарту үшін Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына берілгенін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы