Бүйректі кем дегенде жылына бір рет тексертіп тұру керек - дәрігер

8 Қыркүйек 2023, 12:11
1395
Бөлісу:
Бүйректі кем дегенде жылына бір рет тексертіп тұру керек - дәрігер
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Дәрігер жылына бір рет міндетті түрде бүйректі медициналық тексертуге кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоуролог дәрігері Шалқарбек Мұғалбеков мәлімдеді.

Онкоурология жағынан, яғни бүйрек, қуық, қуықасты безінде ісік пайда болса, басты белгілері сезілмейді. Адамдар ауырғанын білмей жүре береді. Оның үстіне, азаматтарымыз тексерілмейді. Жылына бір рет міндетті түрде медициналық тексерістен өтуге кеңес беремін. Қырық жастан асқан ер адамдарға простатспецификалы антиген деген талдауды тапсыру керек. Бұл қатерлі ісіктің бар-жоғын анықтау үшін басты тексеріс тәсілдерінің бірі, - деп атап өтті дәрігер елордада өтіп жатқан «Орталық Азия онкологиялық апталығынан» соң берген сұхбатында.

Айтуынша, жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып келеді.

ДДСҰ жасаған зерттеуге сүйенсек, 2030 жылға қарай онкологиямен ауыратындар саны 2-3 есеге көбеюі мүмкін. Соның алдын алу үшін азаматтарымызды көбірек ақпараттандырып, скринингтен, тексерістен өтулерін түсіндіру маңызды. Бірінші, екінші сатысында қатерлі ісікті емдеуге болады. Ал одан әрі асқынып, метастаз болған кезде емдеу қиын, өлім-жітім қаупі де жоғары. Әлем бойынша қатерлі дерттің нақты себебі әл анықталған жоқ. Бірақ олардың факторлары ретінде ауру тұқым қуалауы ықтимал. Ондай тәуекел тобындағы жандарға жылына екі рет тексеру қажет. Темекі шегу қуық онкологиясына әкелуі жоғары. Қазіргі таңда жейтін тағамдарымызда канцерогендер өте көп. Мейлінше табиғи өнімдерді тұтынған абзал, - дейді Шалқарбек Бәкірұлы.

Өзгелердің жаңалығы