БҰҰ дабыл қақты: Тағы 50 миллион адам аштыққа ұшырауы мүмкін

БҰҰ тағы 50 миллион адамға аштық қаупі төнгенін ескертті.

6 Тамыз 2026, 13:56
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 6 Тамыз 2026, 13:56
6 Тамыз 2026, 13:56
142
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ДАБ) күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо климаттық құбылысына байланысты таяу айларда тағы 50 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығына тап болуы мүмкін екенін ескертті.

Қай өңірлерге көбірек соққы тиеді?

Ұйымның бағалауынша, аштыққа ұшырайтын адамдардың саны 225 миллионнан 274 миллионға дейін өсуі мүмкін. Бұл шамамен 22%-ға артады деген болжам. Ең үлкен қауіп Орталық Америка мен Африканың оңтүстігіндегі елдерге, сондай-ақ Шығыс Африканың, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір өңірлеріне төніп тұр.

БҰҰ көптеген елде жағдай климаттың өзгеруімен қатар кедейлікпен, қарулы қақтығыстармен, жұмыссыздықпен және бұрынғы табиғи апаттардың салдарымен қиындап отырғанын түсіндірді. Сондықтан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы болжамды құрғақшылыққа, су тасқындары мен дауылдарға дайындалып, ең әлсіз мемлекеттердегі жұмысын күшейтіп жатыр.

ДАБ басшысының міндетін атқарушы Карл Скау уақтылы дайындық адамдардың өмірін сақтап қалуға және олардың табыс көздерін қорғауға көмектесетінін атап өтті.

Эль-Ниньо шырқау шегіне қашан жетеді?

Мамандардың болжамынша, Эль-Ниньо 2026 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында өзінің шырқау шегіне жетеді. Алайда бұл климаттық құбылыс болашақ өнімге әсер ететіндіктен, оның салдары 2027 жылы да сезілетін болады.

ДАБ өкілдері 2015-2016 жылдардағы Эль-Ниньоның алдыңғы циклі 60 миллионнан 100 миллионға дейінгі адамның азық-түлік қауіпсіздігіне әсер еткенін еске салды. Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі жағдай осыған ұқсас ауқымдағы дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, БҰҰ алдын алу шараларына салынған инвестиция болашақ шығындарды едәуір азайтатынын атап өтеді: табиғи апаттарға дайындыққа жұмсалған әрбір доллар олардың зардаптарын жою кезінде үштен жеті долларға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Осы жылдың мамыр айынан бастап ДАБ Африка мен Орталық Американың бірқатар елдерінің тұрғындарына көмектесу үшін 14 миллион доллардан астам қаражат бөлді.

Наверх