Астанада еліміздегі отбасылық-демографиялық және гендерлік саясатқа қатысты халықаралық конференция басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Онда балалық шақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гендерлік теңдік, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық және демографиялық даму перспективалары жөнінде талқыланып жатыр.
Конференция қонағы, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дүние жүзі халқының саны 8 миллиардқа жеткеніне тоқталып өтіп, өз сөзін қазіргі таңда Қазақстан, Орта Азия үлкен демографиялық өзгерістердің алдында тұрғанынан бастады.
Соңғы 3 жылда Қазақстанда 1,5 миллионға жуық бала дүниеге келді. Шүкір етуіміз керек. Осы жылдың қорытындысында 500 мың баланы күтеміз. Былтыр 456 мың бала дүниеге келді. Алдынғы жылы 426 мың бала дүниеге келді. Бұл үш жыл қатарынан демографиялық рекорд. Соңғы рет осындай рекорд 1987 жылы КСРО кезінде 417 мың бала дүниеге келгенде орын алған, - деді ол.
Осы орайда министр демографиялық өзгерістердің білім саласына әсерін айтып өтті. Кейіннен еліміздегі гендерлік саясатқа тоқталды.
Қазіргі таңда Қазақстанның ғылым саласында 54 пайыз ғылыми қызметкерлер – әйелдер. Президентіміз бірінші мерзімнің бірінші күндерінен бастап гендерлік сұраққа кадрлық саясатта да өте үлкен маңыз беріп жатыр. Жақында ғана Гүлсара Мерейқызы біздің маңызды серіктесіміз Франция мемлекетіне өкілетті елші болып тағайындалды. Бұрын ондай маңызды серіктестерге еркектер тағайындалатын, - деді министр.