Бұралқы иттерді асырау қанша тұрады? Шығын есептелді

Шығын жарты триллион теңгеге жуықтайды. Депутат бұл қаражатқа мектеп, зауыт немесе инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға болатынын айтты.

Бүгiн 2026, 18:31
АВТОР
 instagram.com/zhangyedil Бүгiн 2026, 18:31
Бүгiн 2026, 18:31
149
Фото: instagram.com/zhangyedil

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұралқы иттерді панажайларда ұстау бюджетке қаншалықты салмақ түсіретінін есептеп, бұл шығынның балама бағыттарын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 276 мыңға жуық бұралқы ит ауланған. Ал кейбір сарапшылар елдегі бұралқы иттердің саны 700-900 мың аралығында болуы мүмкін екенін айтады.

Оның сөзінше, жануарларды эвтаназияға жібермей, панажайларда ұстау ұсыныстары жиі айтылады. Осыған байланысты ол шартты түрде 300 мың итке есеп жүргізген.

Есеп бойынша, бір итті күтіп-бағуға тәулігіне шамамен 5 мың теңге қажет (азық-түлік, қызметкерлердің жалақысы және басқа шығындар). Осылайша:
365 күн × 5000 теңге × 300 000 ит = 547,5 млрд теңге жылдық шығын.

Бұл шамамен 1,18 млрд АҚШ долларына тең.

Депутат бұл қаражаттың балама мүмкіндіктеріне де назар аударды. Оның айтуынша, егер бір мектеп немесе балабақша құрылысы орта есеппен 5 млрд теңге болса, мұндай қаржыға жылына 100-ден астам әлеуметтік нысан салуға болады.

Сондай-ақ бұл қаражатты ауыл шаруашылығын дамытуға, өндіріс орындарын ашуға, жылу энергетикасын жаңғыртуға, тұрғын үй мен жол салуға немесе әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға бағыттауға болатынын атап өтті.

Бұған дейін Ақмола облысының Қосшы қаласында да ит әйелді талап тастаған болатын. Одан бөлек, ақпан айында Алматы облысында он шақты ит әйелге тап берген. Ал жақында Көкшетауда жүкті әйелді қаңғыбас иттер қауып алды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқанын жаздық. Оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен

Бүгінде Мәжілісте бұралқы иттерге қатысты заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда бұралқы иттерді кемінде 5 күн ұстау ұсынды. 

Сондай-ақ депутаттар қаңғыбас жануарларды аулау мен стерилизациялауға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына күмән келтіріп, құзырлы органдардан жекеменшік паналардың қызметін тексеруді талап етті.  

Тағы оқи отырыңыздар:

Оралда 13 жасар баланы ит қауып алған: Анасы ұлына әлі мүгедектік ала алмай жүр 

Наверх