Бурабайдың жеті туристік аймағында бақылау камералары орнатылады

Жоба туристік бағыттардағы қауіпсіздікті күшейтуге, келушілер саны туралы нақты мәліметтер алуға, табиғи аумақтардың жай-күйі мен табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды арттыруға бағытталған.

 Бурабай мемлекеттік ұлттық паркінің баспасөз қызметі 6 Тамыз 2026, 01:38
6 Тамыз 2026, 01:38
112
Фото: Бурабай мемлекеттік ұлттық паркінің баспасөз қызметі

Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеті танымал туристік аймағында автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілуде. Бұл туралы парктың баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа жүйе келесі туристік нысандарда орнатылады:

  • Бөлектау тауындағы шолу алаңы мен «Махаббат алаңы»;
  • Аютас, Кебістас («Туфелька») және Максимка жартастары;
  • Мойнақ жартасы («Перешеек») және Иманай бұлағы.

Жоба туристік бағыттардағы қауіпсіздікті күшейтуге, келушілер саны туралы нақты мәліметтер алуға, табиғи аумақтардың жай-күйі мен табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды арттыруға бағытталған. Сонымен қатар төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және ұлттық парктің табиғи ресурстарын қосымша қорғауға мүмкіндік береді.

Айналмалы камералар аумақты толық шолуға, 25 есе оптикалық үлкейтуге және кемінде 150 метр қашықтықта инфрақызыл жарықтандыру арқылы түнгі уақытта бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бағытталған камералар да түнде жұмыс істеп, бейнеаналитика функцияларымен жабдықталады, – делінген хабарламада.

Парк әкімшілігінің мәліметінше, шолу алаңдарынан түсетін барлық ақпарат нақты уақыт режимінде Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жедел басқару орталығына жіберіледі.

Бұл мамандарға туристік нысандардағы жағдайды қашықтан бақылауға, ықтимал қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға және қажет болған жағдайда ақпаратты төтенше жағдайлар қызметтері мен құқық қорғау органдарына жедел жолдауға мүмкіндік береді, – деп қосты парк әкімшілігі.

Наверх