Ақмола облысының Бурабай ауданында «Zijin RG Gold» компаниясының алтын шығару фабрикасының құрылысы басталды. Жобаның құны шамамен 500 миллион долларға бағаланып отыр.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шамамен 400 жұмыс орны ашылады.
Нысанның символикалық капсуласын салу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, өңір прокуроры Руфат Қуттуков, Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Арман Хасенов және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Тікелей инвестициялар көлемі 600 миллион АҚШ долларынан асатын жоба жылына 10 млн тонна кен өңдейтін жаңа қуаттылықты құруды көздейді. Бұл компанияға 2022 жылдан бері кен орнында табысты жұмыс істеп тұрған байыту фабрикасының бірегей өндірістік және инженерлік сараптамасына сүйене отырып, кешеннің жалпы кен өңдеу қуатын жылына 16 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Өндіріс алаңында толыққанды индустриялық кластер құрылады. Фабриканың өзінен бөлек, жоба энергетика және сумен жабдықтау объектілерін, қалдық шаруашылығын, көліктік логистиканы, жөндеу-қойма кешендерін және 400 адамға арналған жайлы вахталық қалашық құрылысын қамтиды. Екінші алтын өндіру фабрикасын пайдалануға беру жылына қосымша 7 тонна алтын өндіруді қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпорынның жылдық өнім шығару көлемін 6 тоннадан 12 тоннадан астам Доре қорытпасына дейін арттырады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаев атап өткендей, тау-кен металлургия кешені шикізаттық модельден терең өңдеуге және ел ішінде жаңа өндірістер құруға кезең-кезеңімен өтуі тиіс. Біздің өңір үшін мұндай деңгейдегі инвестордың келуі – үлкен ауқымды оқиға. Бұл тек өндіріс алаңын кеңейту емес, жоғары экологиялық жауапкершілігі бар бүкіл саланың жаңа, жоғары технологиялық даму кезеңіне өтуі. Өз тарапынан облыс әкімдігі әрбір кезеңде бизнестің сенімді серіктесі болуды жалғастырады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бастапқы кезеңде жоба жер пайдалану құқығына қатысты мәселелерге тап болған еді. Прокуратураның мәліметінше, «прокурорлық сүзгі» тетігін қолдану жер учаскесіне қатысты негізсіз талаптарды жоюға және жобаның әрі қарай жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ жобаға оны сүйемелдеу жұмыстарын бақылауды жалғастыратын инвестициялық прокурор бекітілді.
Еске салайық, бұған дейін Астана, Алматы, Шымкентте қалдықтарды кәдеге жарататын зауыттар салынатыны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
ШҚО-да заңсыз алтын өндірудің жолы кесілді: 4 адам ұсталды
Қырғызстандық компания Ауғанстанда алтын өндірумен айналысады