Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде белгілері COVID-ке ұқсайтын ауру туралы жиі жаза бастады. Олардың арасында тамақтың ауыруы, жөтел, дәм мен иіс сезудің жоғалуы бар. Дәрігерлер ауруды өз бетінше анықтамауға шақырады. Қазір Қазақстанда бірнеше респираторлық вирус қатар тарап жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында вирустық инфекциялардың өскенін тіркеген жоқ. Мамандар қазіргі жағдайды маусымдық деп бағалап отыр.
Қазіргі уақытта халық арасында вирустық инфекциялардың өсуі байқалмайды. Біз қалыпты немесе маусымдық сырқаттанушылықты көріп отырмыз. Зертханаларымыз анықтаған вирустардың арасында әдеттен тыс вирус жоқ, – деді Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.
Мамандардың мәліметінше, халық арасында риновирус, аденовирус, парагрипп және маусымдық коронавирустар кездеседі. Сонымен қатар COVID жұқтырғандар да әлі анықталып жатыр. Мамандар әзірге жаңа қауіпті штамның пайда болғанын көрсететін белгілерді тіркеген жоқ. Зертханалық зерттеулер де әдеттен тыс вирустарды анықтамаған.
Тіпті кәдімгі ЖРВИ-дің өзі кейбір адамдарда ауыр өтуі мүмкін. Қауіп тобына бір жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар науқастар жатады.
Ауру белгілері пайда болған жағдайда мамандар диагнозды өз бетінше қоймауға кеңес береді.