Буллинг, оқушы, қамқор ата-ана: Мектептегі зорлық-зомбылықпен қалай күресу керек?

17 Мамыр 2022, 14:30
18613
Бөлісу:
Буллинг, оқушы, қамқор ата-ана: Мектептегі зорлық-зомбылықпен қалай күресу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Буллинг – қазіргі күні кеңінен қолданылып жүрген термин. Ол қорқыту, біреуді кемсітіп, намысына тиетін сөздер айту мағынасын білдіреді. 

Күш көрсету немесе агрессия арқылы адамның өзгені қорлауы, одан үстем, мықты екенін дәлелдеп, әлімжеттік көрсету әрекеттерін буллинг жасаушы өзінің мықты екенін дәлелдеу үшін жасайды. Мұндай пікірді елордадағы М.Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл Сайлаубаева редакциямызға берген сұхбатында айтты.

Сөзбен, күшпен қорқыту – ол буллинг 

Оның сөзінше, қоғамда буллинг тек мектеп оқушылары арасында ғана болады деген пікір қалыптасып қалған. Негізінде кез келген жастағы адам буллингке ұшырауы мүмкін. Мысалы, жұмыс орнында, колледжде не университетте. 

Буллингтің түрі көп. Мысалы, қазіргі күні бірнеше түрін жиі естіп жүрміз. Олар: сөзбен, күшпен қорқыту. Көп жағдайда сөз арқылы әлімжеттік көрсетіп алып, соңы күшке ұласуы мүмкін. Бұл жалпылама айтқанда бір адамның екінші адамға үстемдік көрсетуі. Бір адамның екінші адамға күш көрсетуі жақсы емес. Бұл заңмен қудаланатын жағдай, - дейді психолог.

Ол өз сөзінде кибербуллингтің мағынасына да тоқталып өтті.

Соңғы кезде «кибербуллинг» терминін де жиі естіп жүрміз. Өздеріңіз білетіндей, пандемия өршіп тұрған кезде адамдар үйде отырды. Әрине азаматтарымыз ол кезде әлеуметтік желіні көп пайдаланды. Әлеуметтік желі, интернет, белгілі бір сайттар арқылы екінші бір адамға қоқан-лоқы көрсетіп, жәбірленушінің телефонына хабарласып, мазалайтын жағдайлар жиі болды. Осы уақытта біз кибербуллингтің алдын алу мақсатында балаларға жадынамалар таратып, оның заңмен қуадалатын мәселе екенін түсіндіру үшін ауқымды жұмыс істедік. Өйткені балалар әлеуметтік жілінің белсенді қолданушылары. Сол себепті телефон арқылы айтқан әрбір сөзге, жазған хабарламаға жауап беретіні, біреуді фото-видеоға түсіріп алып, оны жариялап жіберудің барлығы кибербуллингке әкеп соқтыруы мүмкін, - деп есептейді Райгүл Сайлаубаева.

Оқушылар арасындағы буллингтің себебі неде?

Мысалы, бір бала өзін мықты көрсеткісі келуі мүмкін. Сөйтіп ол екінші балаға үстемдік көрсеткісі келіп, жақтастарын жинап, балаға «байкот» жариялап, күш көрсетеді. Яғни мектептегі буллинг ол белгілі бір балаға бағытталады. Ол агрессия, қорқыту, мәжбүрлеу белгілері арқылы көрініс тауып жатады. Тіпті кейде мұғалімдер тарапынан жасырын түрде қорлау көрсеткен балалар жазалау түрінде буллингке ұшырауы мүмкін. Мектепте осындай кикілжіңге түскен балалар болса, мысалы, намысына тиетін сөздерді айтып жатқан балаларды ұстаздары байқап қалса, жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысып жатады. Тәрбие сабақтарында ата-анасына, баласының басқа бір балаға әлімжеттік көрсеткенін ескертіп жатады, - деп толықтырды ол.

Психологтың айтуынша, осының алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізу қажет. Сөзінше, мектептегі буллингте әртүрлі нысандар пайда болуы мүмкін. Мысалы, физикалық немесе психологиялық агрессия, топ болып екінші балаға қарсылық көрсеткен жағдай, әртүрлі манипуляциялар, теріс пікірлер, өсек тарату. Баланың өзін қорғансыз сезінгенін байқаған топтар балаға ұйымдасқан түрде жәбір көрсетуі мүмкін.

Жасөспірім мен буллинг

Қазіргі күні жасөспірімдер арасында буллинг белең алып бара жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, жақтастары бір топқа жиналып алып, белгілі бір балаға мықты екендерін көрсеткісі келіп, түрлі әрекетке баруы мүмкін. Мысалы, зорлық-зомбылыққа жол беріп, ұруы мүмкін. Бұған әрине жол бермеу керек. Түсіндіру жұмыстарын жүргізген дұрыс. Оның заңсыз екенін айтып, балалар арасында ағартушылық іс-шараларын жиі өткізу керек. Яғни болған жағдайдың салдарымен күреспей, оның алдын алып, ондай жағдайлардың болдырмау жолдарын іздеу керек. Оқушы мұндай әрекеттердің бұрыс екенін түсінуі тиіс. Сол себепті зорлық-зомбылықтың соңы неге апаратынын ағартушылық жұмыстары арқылы түсіндіру қажет, - деп толықтырды елордалық мектеп психологы.

Райгүл Сайлаубаеваның айтуынша, балалар бір мезетте бірнеше зорлық-зомбылықтың құрбаны болып қалуы мүмкін. Мысалы, ол зорлық-зомбылықты үйде де көруі мүмкін. Оны ешкімге айта алмай жүрген бала мектепте өзін емін-еркін ұстай да алмайды. Оны өздерін күшті санайтын топ байқап, әлсіз балаға қосымша зорлық көрсетуі мүмкін. Сондықтан бала өзін жеке тұлға ретінде сенімді, әр әрекетіне нық жауап бере алатындай жағдайда болғанда буллингке ұшырамауына кепілдік бар. Ал егер бала отбасында қысылып жүрсе, оны сезгендер одан сайын басынып, буллингке ұшырайды.

Бала және қамқор ата-ана 

Жасөспірімдік жаста агрессия пайда болады. Балалар өздерін мықты, күшті сезінгілері келеді. Екінші жағынан ата-ана сүйіспеншілігі мен қамқорлығы аз болуынан балалар өздеріне сенімді бола алмағандықтан әлімжеттікке тап болып жатады. Сондықтан отбасында бала мейірім, сүйіспеншілік, қамқорлық, сенімділік сезімдерін сезініп өссе, ол өзін кез келген ортада ұстай алады. Сенімсіз, әлсіз, әлжуаз, өз ойын айта алмаған жағдайда баланы басқалар басынып кетуі мүмкін. Сол себепті ата-аналарға айтарым, балаларға жақсы тәрбие беріп, сүйіспеншілікте өсірсе, бала кез келген жағдайдан өзін алып шыға алады, - дейді педагог-психолог Райгүл Сайлаубаева.

Оның пікірінше, отбасында ата-ананың зорлық-зомбылығын, ұрыс-керісті, төбелесті көріп, психологиялық-физиологиялық қатыгездікке ұшырап өскен бала үнемі ашу-ыза мен агрессияда жүреді. Сондай-ақ осы әрекеттерге де бейім болады.

Кейбір балалардың басқаларға қатысты қатыгездігін түсіндіретін негізгі факторлар да бар. Мысалы, ашуланшақтық. Кейде біреу сұрақ қойса, ашуланып жауап береді немесе ішкі агрессивтілік болуы мүмкін. Яғни бала күйзелісте жүреді және ол дағдарыс кезінде одан сайын шиеленісе түседі. Бала көп жағдайда ашылып сөйлесе де алмайды. Сол себепті осындай баланы байқаған кезде оған қолдау көрсететін орта болуы керек, - деп айтты маман.

Ол мектеп психологтары бала күйзелісте немесе үнемі ашуланып, ұрыс-керісте, қарым-қатынасы дұрыс болмай жүрсе, оған міндетті түрде назар аударып, жеке жұмыс істеуге тырысатындарын айтты. 

Ішкі жан дүниесін ашып айтып, ашу-ызасының себебін, неге қырсығып жауап беріп отырғанын сұрап, баланың жан дүниесін түсінуге, оның сеніміне кіріп, баланың көзіне тіке қарап сөйлесеміз. Оны қолдайтын адамдар бар екенін түсіндіреміз. Балалар ашылып бәрін айтуы да, іште сақтап қалуы да мүмкін. Сол себепті ең алдымен балаға ата-анасы мейірім танытып, оны түсінуі қажет. Яғни бала бірінші кезекте отбасының қандай жағдай болмасын қолдау көрсететінін сезіне білуі керек. Баланың жанына жақын адамдары болуы қажет, - деп атап өтті Райгүл Сайлаубаева.

Буллинг және онымен күрес

Көп жағдайда буллинг туралы айтқанда балалар арасында оқшауланған қақтығыстарды емес, мектеп ішіндегі қалыптасқан қатынастар деп ойлайды. Бұл қарым-қатынастарды әрқашан жәбірленуші, яғни қорлық көрген бала болуы мүмкін. Бұл балаға белсенді агрессияны көрсететін балалар тобы әдетте көшбасшы балалар. Ал қорлауға тікелей қатыспайтын куәгерлер мен жанашырлар оның орнында болып қалмауы үшін жәбірленушіні қолдаудан қорқады. Сондықтан көшбасшы болып, беделін арттырып жүрген балалардың санын арттыру керек. Көшбасшы балалар дұрыс бағытта болса, буллингтің алдын алуға болады, - деп есептейді психолог.

Маман оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықпен қалай күресуге болатынына тоқталды.

Мектепте ағартушылық жұмыспен көп айналысу керек. Ата-аналарға, ұстаздарға, оқушыларға зорлық-зомбылықтың  алдын алу үшін көптеген тәрбие сағатын өткізіп, үлкен іс-шаралар өткізу қажет. Сонымен қатар ата-аналардың әлеуметтік жағдайын зерттеп, олармен байланысты орнатқан жөн. Одан бөлек, баланың отбасындағы жағдайы қала екенін зерделеу керек. Сенім телефондары, сенім жәшіктері, мектептегі педагогикалық-психологиялық қызметтің жұмысын арттыру, одан бөлек, балалардың жан дүниесін түсінетін мамандардың бар екенін насихаттау қажет. Адамның құқығын таптамай, зорлық-зомбылыққа жол бермеу керек. Ол үшін ақпараттар көп айтылғаны дұрыс, - деп айтты Райгүл Сайлаубаева.

Қазіргі күні мектепте зорлық-зомбылық тақырында тәрбие сағаттары жиі өткізіледі. Балаларға оның ең басты құндылығы бостандығы екені түсіндіріледі. 

Мектеп инспекторлары оқушыларға азаматтық құқықтары мен бас бостандығы туралы заңдарды таныстырады. Мысалы, тәрбиелеудің аса маңызды істері жүзеге асырылып жатыр. Мектеп отбасымен тығыз байланысты болып, сынып жетекшінің қызметін арттыру және сыныбындағы оқушыларының әлеуметтік-психологиялық, оқу үлгерімі, тәртібі, қарым-қатынасы бір жүйеде зерттеліп, зерделеніп, анық болуы керек. Мысалы, мектепке жаңадан оқушы келсе, ол бала туралы барлық мәлімет сынып жетекшісінде болуы қажет. Баланың көңіл-күйі дұрыс болмаса не киім-киісі, мінез-құлқы назар аударарлықтай жағдайда болып тұрса, міндетті түрде мектептегі мамандарға дер кезінде дабыл қағып, баламен сөйлесуі керек. Назардан ештеңені тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан ата-анамен бірлесе отырып, бала мүддесі үшін қызмет ету керек. Яғни баланың құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қатыгездікке жол бермеу жүйелі іске асырылуы керек, - деді ол.

Айтуынша, зорлық-зомбылыққа тап болмас үшін ата-аналарға үнемі айтып жүретін жадынамаларды түсіндіру керек. Мысалы, бала өзін қалай қорғап, қалай ұстауы қажет, адамдар жоқ жерлерде жалғыз жүрмеуі керегін ескертіп отырған дұрыс. Бала өзін қорғай білуді ерте жастан үйреніп, соны іске асыра білуі қажет.

Сақтықта қорлық жоқ. Психолог кеңесі

Түнгі уақытта көшеде жалғыз жүрмеу, танымайтын адамдармен әңгімелеспеу және онымен қараңғы адамдар жүрмейтін жерлерге бармай, күдікті жерлерден өзін аулақ ұстау керек. Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туып тұрса, сөмкесін, қажетті құжаттарын дайындап, үйден ертерек кетіп қалған абзал. Сондай-ақ үлкен адамдардан көмек сұрап, полиция қызметкерлеріне жүгіну керек. Балаларды зейінге, сақтыққа, қауіпті жағдайлардың алдын алуға үйрету керек. Үйде жалғыз болғанда бөтен адамдарды үйге кіргізбеу, бөгде адамның көлігіне отырмау, қыдырып жүргенде бейтаныс адамдардан тәтті сыйлықтар алмау қажет. Егер баласының мектепте жәбір көріп жүргенін ата-ана байқап қалса, онда ол баласымен әңгімелесіп, барлығын егжей-тегжейлі сұрауы керек. Сол сияқты мұғалімдер де алдында отырған барлық оқушыны назардан тыс қалдырмай, көңіл-күйі, тәртібі, сабаққа қалай қатысып отырғанына дейін бақылауы тиіс, - деп кеңесін айтты психолог.

Мұғалімге барлық баланы назарда ұстау қиын болса да, егер баланың бойынан күдікті әрекет байқаса, онымен жеке әңгімелесіп, мектеп психологына, сынып жетекшісіне жіберуі керек. Десе де  ең бастысы ата-ана баланың күнделікті күн тәртібін назарда ұстағаны жөн.

Қазіргі күні балалар көптеген қатыгез ойын, кино көреді. Сондай-ақ түрлі ақпараттар да жан-жақтан келіп жатыр. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін аңғара алмаған жағдай туындайды. Осыдан балалардың арасында ағартушылық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін аңғаруға болады. Зорлық-зомбылық әрекеттеріне баратын балалар жаман әдеттерін аулақ болу керегі туралы ақпараттардан бейхабар болып, осындай әрекетке баруы мүмкін. Ол бала тіпті жаман әрекеттердің соңы жазаға апаратынын білмеуі де ықтимал. Мүмкін бала үйде қатыгездікке ұшырап, сол іс-әрекетті біреуге көрсетіп, өзі көрген қиындықты басқа бала да көрсін деген қатыгездікке баруы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан бұл - көп талқылана және жариялана бермейтін дүние. Оны ата-ана да, бала да жасырып қалуы мүмкін, - деді ол.

Оның сөзінше, зорлық-зомбылыққа душар болған бала өзінің іс-әрекетімен, мінезімен байқалады.

Сонымен қатар ата-ана балалармен еркін, ашық сөйлесіп, эмоциясын білдере алатындай әңгімелесіп отыруы керек.

Балада барлығы жақсы болуы, бірақ көңіл-күйі болмауы мүмкін. Мектеп тек оқуға ынталандырып, дағды қалыптастырады. Менің ойымша, тәрбие отбасынан болуы керек. Ата-ана мектеп, мұғалім туралы жағымды сөздер айтса, бала сол мектептен жақсы білім, тәрбие алады. Сондай-ақ ұстаздарына, тәрбиешілеріне құрметпен қарайды, - деп айтты Райгүл Сайлаубаева.

Психологтың пікірінше, зорлық әрекетіне балалардың не себепті баратынын толық зерттеу керек. Мұндай әрекетті психикалық бұзылыс деп қарау керек. 

Мұндай әрекет жасаған балаларда мінез-құлықтың, іс-әрекеттің бұзылысы болады. Олармен яғни жәбірленген баламен де, жәбір көрсеткен баламен де психологиялық-медициналық толық зерттеуден өтуі керек. 11-17 жас аралығындағы балалардың жыныстық бағыттағы әрекеттері қандай бұзылыстарға ұшырап жатқанын қарау керек. Осы жастағы балалар енді дамып, өсіп жатқандықтан олардың ағзасында үлкен физиологиялық өзгеріс болады. Сол себепті ата-аналар баласына барлығын ашық айтып, түсіндіруі керек. Қоғамда болып жатқан сұмдықтарға жол бермеу керек. Ал оның алдын алу деген не? Ол – балаға бәрін ашық айту, - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Өзгелердің жаңалығы