Бұлақ ауылында бруцеллез дерті басылмай тұр

19 Сәуір 2025, 21:30
673
Бөлісу:
Бұлақ ауылында бруцеллез дерті басылмай тұр
Фото: автордан

Семейдегі Бұлақ ауылында бруцеллез дерті басылмай тұр, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Ауыл тұрғындарының айтуынша бүгінге дейін 200-ге жуық ірі қара мал сойылған. Бүгінде елдімекен карантинге жабылып, ауру малдың еті мен сүтін шығаруға шектеу қойылған. Бірақ ауыл тұрғындары сау малымызды бруцеллез деп, арзанға өткізуге мәжбүрміз деп отыр. Ауыл тұрғыны Серікхан Серікбайұлы 12 сиырынан айырылған. Ауру мал дереу сойылып етін иелеріне қайтарып береді екен. Оны тұрғындар нарық құнынан екі есе арзанға сатып жатқандарын айтты. Енді Бұлақ ауылының тұрғындары "табыс көзімізден айырылып, қиналып қалдық" деп отыр.

Бұлақ ауылында бруцеллез дерті басылмай тұр

Өзімнен 12 көршімнен 24 бас ірі қарадан сарып ауруы анықталды. Ауылдағы тағы бір жігіттің 28 бас төрт түлігі союға жіберілді. Әркімде әртүрлі анықталып жатыр. Өте көп, шамамен үш жүз бас болып қалған шығар. Мал дәрігерлеріне вакцина салыңыздар десек, карантин аяқталмайынша екпе салынбайды деді. Енді не істерімізді білмей отырмыз, – дейді ауыл тұрғыны.

Семей қалалық аумақтық инспекциясы мемлекеттік мекемесінің ресми жауабына сәйкес 2024 жылдың қараша айынан бері 11 рет тексеру жүргізілген. 3869 бас ірі қара малдан сынама алынып, 114 оң нәтиже анықталған. Бүгінге дейін 21 ит тексеріліп, 5-еуінен сарып ауруы шыққан. Семей қалалық аумақтық инспекциясының басшысы қазіргі жағдай бақылауда екенін жеткізді. 

Санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес ауыл тұрғындары арасынан бруцеллезбен ауырған адамдар тіркелмеді. Бүгінгі күні Бұлақ ауылында ІҚМ бруцеллез ауруынан сауықтыру жұмыстары жалғасуда. Жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар заңнама аясында атқарылуда, – деді З.Байтұяқов.

Өзгелердің жаңалығы