Бұл ұстаздарымыздың кәсіби деңгейін көрсетеді – министр

30 Қазан 2023, 11:10
493
Бөлісу:
Бұл ұстаздарымыздың кәсіби деңгейін көрсетеді – министр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев халықаралық пәндік олимпиадалардан Қазақстан әлемдік рейтингте нешінші орында екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық олимпиадалар өте көп. Бірақ біз бүгінгі күні әлемде мойындалған жоғары деңгейдегі 7 олимпиаданы ғана есепке аламыз. Осы олимпиадалардың есебіне қарайтын болсақ, егер бұрын 80 мемлекеттің ішінде 30-40-орында болсақ, бүгінгі күні 20 позицияға көтеріліп, командамыз 18-19-орындарды иеленіп жүр. Бұл ұстаздарымыздың кәсіби деңгейінің жоғары екенін, оқушыларымыздың білімге құштарлығын көрсетеді, - деп айтты Ғани Бейсембаев.

Министр бұл жұмысты дамыту қажеттігін айтты. Бұл бағытта ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты теңестіру маңызды екенін сөз етті.

Ауыл мектептеріндегі жастардың да деңгейін әлемдік деңгейге шығару бағытында алғаш рет ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиаданы енгізіп жатырмыз. Бұл да әлемдегі олимпиадалық қозғалыстың ішінде барлық жасымыздың теңдей жоғары көрсеткішке жетуіне беріліп отырған мүмкіндік, - деп түсіндірді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде дарынды балаларға ерекше қолдау көрсетіледі. 2022 жылы Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойған болатын.

Алтын медаль үшін – 1 500 АЕК (5 175 000 теңге), күміс медаль үшін – 1 000 АЕК (3 450 000 теңге), қола медаль үшін - 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогқа - базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс - базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде, қола - базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде тағайындалды.

Жыл басынан бері қазақстандық оқушылар 241 медаль жеңіп алған еске сала кетейік. Олар түрлі деңгейдегі 23 халықаралық олимпиадаға қатысты.

Өзгелердің жаңалығы