Бүгін қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Момышұлының туған күні

24 Желтоқсан 2020, 14:30
3834
Бөлісу:
Бүгін қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Момышұлының туған күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Момышұлы атамыздың туған күні. Батыр атамызға – 110 жыл, деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Уақыт жылжып өте береді. Заман өзгере береді. Тек Ұлы Тұлғалардың есімі – уақыт үшін де, тарих үшін де мәңгілік. Қаһармандықтың үлгісін, батырлықтың өнегесін көрсеткен Бауыржан атамыз – осындай тұлға. Батыр атамыз туралы айтқанда біз – қол бастаған көсемді де көреміз. Сөз бастаған шешенді де көреміз. Алдаспан алғыр жас батырды да, қазыналы Абыз атаны да елестетеміз. Себебі батыр атамыз – өмірінің қай кезеңінде де ерекше болмысын сақтай білді. Адами қасиеттеріне деген адалдықтан айнымай, пендешілікке бас имей өтті, - деп жазды Балаева.

Білектілігі мен жүректілігі туралы талай әңгіме бүгінде ел аузында, ұрпақ жадында.

Атамыздың келіні, белгілі жазушы Зейнеп апамыздың «Атаның жүрегі қатты да, жұмсақ та емес, Ұлы жүрек болатын» дегені айна-қатесіз. Ұлы тұлға – тек Ұлы жүректен шығады.

Сондықтан біз үшін қа кезде де атамыздың өнегелі өсиеттері, жазған мұралары – ұрпақ үшін намыстың қайрағы, қайсарлықтың айғағы, ұлт руханиятындағы – ұлттық құндылық десек артық айтқандық емес. Ұрпағымыз кімге қарап бой түзейді дегенде атамыздың есімін ойланбай айта аламыз. Ұлыларымызды ұлықтауды ешқашан ұмытпауымыз керек. Кейінгі ұрпаққа тұлғаларымыз туралы үнемі айтып, үлгі-өнегесін үйрету – біздің ата-аналық міндетіміз.

Қазақтың рухы қашанда – Батыр атамыздың рухындай – мызғымас қамалдай болсын! Батыр бабаның рухына тағзым!, - деп жазды министр.



Өзгелердің жаңалығы