Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні

1 Мамыр 2021, 08:15
3937
Бөлісу:
Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке 1996 жылдан бастап атап өтіледі.

Достық пен өзара түсіністіктің нышаны болған бұл мейрам – Қазақстан қоғамындағы біріктіруші факторлардың бірі. Ал Қазақстан – мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел. Сол тұрғыдан алғанда 1 мамыр мерекесі елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің, ауызбірлігінің жарқын көрінісін паш етеді.

Қазақстан халқының бірлігі күнін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мейрамына айналдыру идеясын Елбасы Н. Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын.
Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор, – деген еді Елбасы.

Осы маңызды мерекеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. 

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген. Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған «әралуандығымыз – бірлікте» қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырды. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр. Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!, – деді Қазақстан Президенті. 

Жылдағы дәстүр бойынша бірлік күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда, барлық облыс орталығы мен аудан-ауылдарда шерулер мен фестивальдар өтіп жататын. Алайда былтырдан бері коронавирус инфекциясы бүкіл әлем халқын әуре-сарсаңға салып, қалыпты өмірге үлкен ықпалын тигізгеніне куә болып отырмыз. Әйтсе де Қазақстан халқы бүгінгі күні сабыр мен ынтымаққа төр беріп, қиындықты еңсеріп келеді. 

Осыған дейін биыл елордада Қазақстан халқының бірлігі күні қалай атап өтілетіні хабарланған еді.


Өзгелердің жаңалығы