Бүгін, 20 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде +40°С-қа дейін аномальды ыстық сақталады. Сонымен қатар ел аумағының басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, күндіз:
- Алматы облысында ауа температурасы +35°С-қа дейін;
- Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Жетісу облыстарында +35…+38°С;
- Маңғыстау облысында +38…+40°С дейін көтеріледі.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде найзағайлы жаңбыр, кей жерлерде бұршақ пен қатты жел болады. Солтүстік және орталық өңірлерде қатты жаңбыр жаууы ықтимал.
Жауын-шашынсыз ауа райы негізінен елдің оңтүстігінде күтіледі. Солтүстік өңірлерде түнде және таңертең тұман түсіп, жел күшейеді.
Сонымен бірге бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады. Төтенше өрт қаупі Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу, Ұлытау, Маңғыстау және басқа да өңірлердің жекелеген аумақтарында болжанып отыр.