Бүгін – аутизм туралы ақпарат тарату күні. Жұрт нені білуі керек?

2 Сәуір 2024, 18:58
759
Бөлісу:
Бүгін – аутизм туралы ақпарат тарату күні. Жұрт нені білуі керек?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Павлодар облысында «аутизм спектрінің бұзылуы» диагнозы қойылған 503 бала бар. Бұл санаттағы жеткіншектерді оңалту үшін «Қамқорлық» бастамасы жүзеге асырылуда. Бүгін әлем елдері аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күнін атап өтуде. Әлеумет аутизм туралы не білу керек? BAQ.KZ тілшісі мамандардың пікірін біліп көрді.

Тарихқа көз жүгіртсек, бұл күн аутизмге шалдыққан балалар мәселесіне алаңдаушылық білдірілген БҰҰ-ның резолюциясы негізінде бекітілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір 160 адамның біреуінде аутизм диагнозы бар. Әлем елдерінде бұл дертке шалдыққан балалар саны жыл санап артып отыр. Қазақстан назардан тыс емес. Елімізде соңғы жылы аутизм спектрі бұзылған 9 мыңнан астам жеткіншек тіркелген.

Облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Виктория Ефимованың айтуынша, Ертіс өңірінде 400 балаға шаққанда бір жеткіншек осы ауытқушылыққа шалдыққан.

Өкінішке қарай, көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Мәселен, екі жыл бұрын аутизм спектрінің бұзылуы анықталған 355 бала болса, 2023 жылдың соңында олардың саны 500-ден асты. Яғни, өсім 40%-тен асып отыр. Бұл мәселе бізді алаңдатып отыр. Аутизмді психикалық спектр ауруы деп те атай алмаймыз, ауытқушылық деген ұғым беруге болады. Осындай диагноз қойылған бала қоғаммен байланыс орната алмайды, тек қоршаған ортаны басқаша қабылдайды. Сондықтан аутизмді емдеу әдістері дәрілік ем емес, олар мінез-құлық, білім беру, психологиялық және әлеуметтік араласуды қамтитын кешен. Елімізде арнайы клиникалық хаттама бекітілген. Нақтырақ айтқанда, салалық министрліктің мұрындық болуымен балаларға арналған аутизмге арналған М-CHAT скринингтік тесті енгізілді, - дейді Виктория Ефимова.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселе тек дәрігерлерді емес, қоғамды да алаңдату керек. Өйткені осындай диагнозы бар ерекше жандар қоғамымыздың бір бөлігі әрі әлеуметке бейімделуге құқылы.

Аутизм белгілері бір жасқа дейін де байқалуы мүмкін. Нәресте көру байланысы болмай, өз жасына лайықты қарапайым дағдыларды меңгере алмаса, дабыл қаққан жөн. Осылайша, екі жасқа дейін нақты диагноз қойып, оңалту шараларын бастауға болады. Қазір психологиялық қарым-қатынасқа негізделген терапия түрлері көп. Бұл іспен мамандар тобы айналысады, - дейді мамандар.

Ертіс өңірінде менталды ауытқушылықтары бар балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға қолдау көрсетумен айналысатын қоғамдық қор жұмыс істейді. «Алтын бата» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Евгения Стельваганың айтуынша, аутизм туралы ақпарат тарату күнін бекіту бірінші кезекте ерекше балаларды тәрбиелейтін ересектерге қолдау көрсетуді көздейді.

Әрине, қоғам тарапынан осындай жанұяларға төзімділік танытқан абзал. Алайда әзірге аутист бала өсіріп жатқан азаматтар іс жүзінде осындай қолдауды сезбей келеді. Мен ерекше жігітті тәрбиелеп жатқан ана ретінде осылай айта аламын. Менің балам 24 жаста. Аутизм диагнозы Новосібір қаласында төрт жаста болғанда қойылды. Ұлымның ерекшелігі туралы айналамдағы жұрттың барлығына айтуға туралы келді. Қазір де балам шуласа немесе басқа да әрекет жасап қойса, кешірім сұрап отыруға мәжбүрміз. Қоғам түсіністік танытып, қолдау көрсету үшін аутизм туралы шынайы ақпарат таратқан абзал. Сонда ерекше бала өсіріп отырған ата-аналардың өмірі жеңілдей түсетіні анық, - дейді Евгения Стельвага.

БҰҰ-ы бағдарламасы бастапқыда ерекше балалардың ата-аналардың өмірін жеңілдету мақсатын көздеген. Десе де, қазір бағыт өзгеруде.

Осындай диагнозы бар азаматтар толыққанды өмір сүре алады. Олар қоршаған ортаға бейімделіп, әлеуметтене алады. Жұмыс істеп, білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Яғни, БҰҰ бағдарламасының мақсаты осыған тұспа-тұс келеді. Аутизм туралы ақпаратты не үшін тарату керек? Жұртшылық қоғамымызда аутист балалар немес ересектердің болуы туралы білуі қажет. Ауытқушылық туралы мол ақпаратқа неғұрлық көп болса, қоғамның түсінушілігі де арта түседі, - дейді қоғамдық қор жетекшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, қазір аутизм спектрі бұзылуына байланысты мүгедектікті ресімдеу үшін күндізгі стационарлар және психикалық денсаулық орталықтарында ішінара емдеуге жатқызу режимі бар. Яғни, пациенттерді тәулік бойы ауруханаларда қалдырудың қажеті жоқ.

Айта кетейік, клиникалық хаттама бойынша аутизм диагнозында жас шектеулері жоқ. Диагноз жасөпірімдік жастан кейін де сақталады. Елімізде төрт жыл бұрын «Қамқорлық» бастамасы көтеріліп, кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Осы уақытқа дейін 16 орталық ашылды. Мекемелердің қызметі – балалар арасында ерте мүгедектікті анықтауға және алдын алуға бағытталған. Ерте даму кезінде ауытқушылықтар байқалған кезде балалар абилитациялық және реабилитациялық көмек алып, медициналық тексеруден өтеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін BAQ.KZ тілшісі аутизм диагнозы қойылған балалардың стоматологиялық қызметке деген қолжетімсіздігі мәселесін көтерген еді. Өйткені, ерекше балалардың тісін емдеу үшін жалпы наркоз қажет етіледі. Қуанышымызғы орай, көп жыл бойы айтылып келген қоғам проблемасы шешілді. Екі апта бұрын облыс орталығында менталды ауытқушылықтары бар жеткіншектерді наркозбен емдейтін кабинеттер ашылды. Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі балалар МӘМС шеңберінде тегін ем қабылдай алады. Стоматологиялық кабинетте тіс дәрігерімен қатар хирург, реаниматолог пен анестезиолог маман жұмыс істейді. Бұл мекемені медициналық құралдармен жабдықтауға 200 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Қуантарлығы, облыста инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған тиісті жұмыстар қолға алынған. Мәселен, бір жыл бұрын менталды ауытқушылықтары бар балаларға арналған мамандандырылған орталық  ашылды. Оңалту мекемесінің мамандары күн сайын 120 балаға көмек көрсетуге қауқарлы.  Орталық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың бұрынғы ғимаратында орналасқан. Мекемедегі кабинеттердің барлығы заманауи техникамен жабдықталған. Құрал-жабдықтарды сатып алуға шамамен  300 млн теңге бөлінген. Балалардың шығармашылықпен айналысуға да мүмкіндік бар. Ол үшін қыш, тігін шеберханалары қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы