26-27 қыркүйекте Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» атты креативті көрмесі өтті.
Көрмеде өңір креаторлары жергілікті брендтер мен авторлық туындыларын таныстырды. Іс-шараға қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, дизайнерлер, ағаш және тері өңдеу саласының 40-тан астам өкілі қатысты.
Келушілерге музыкалық аспап жасау, ағаш өңдеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz және «ДариЛили» сән орталықтары өз топтамаларын ұсынды.
Көрме барысында «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобалары арқылы Батыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды. Сондай-ақ «Долана» мультфильмі көрсетілді.
Екі күн ішінде көрмеге 3 мыңға жуық адам қатысып, өңір креаторлары жалпы құны 5 млн теңгенің өнімін сатты.
Creative Aimaq жобасы өңірдегі креаторларды қолдауға, отандық брендтерді танытуға, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға және креативті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.