Боранда жоғалып кеткен баланың қалай табылғаны белгілі болды

12 Ақпан 2024, 08:03
773
Бөлісу:
Боранда жоғалып кеткен баланың қалай табылғаны белгілі болды
Фото: polisia.kz

Абай облысында боранда жоғалып кеткен 8 жастағы баланың қалай табылғаны туралы ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

11 ақпан күні сағат 18.00 шамасында Аягөз ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындар кәмелетке толмаған 2015 жылы туған Иманғали Мерей Нұржанұлын іздеуге жәрдемдесу туралы өтініш білдірді.

Ол атқа мініп, мал іздеуге шыққан болатын.

Баланы іздеу дереу басталды, полиция бөлімінің барлық жеке құрамына дабыл қағылды. Полицейлерден басқа Аягөз қаласында орналасқан әскери бөлімдердің әскери қызметшілері, төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілер және ауданның тұрғындары іздеуге белсенді қатысты. Жағдай Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында болды.

Іздеу іс-шаралары 4 сағаттан астам жүргізілді, боранды ауа райы жедел-іздестіру іс-шараларын қиындатты. Баланы іздеуге 100-ден астам адам қатысты.Адам аяғы батпайтын жерді қарда жүретін көліктер және салт атпен жүріп іздеді. 5 дрон көтерілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде қайғылы жағдайға жол берілмеді, тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен бірге елді мекеннің шетінде баланы кездестірді. Бораннан бала ығып кете берген екен. Боран басылғаннан кейін ол өзін іздеуге шыққан адамдардың шамдарын көріп, осы бағытта жүрген екен. Қазіргі уақытта бала ата-анасына тапсырылды. Оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Баланы іздеуге қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін, - деді ПД бастығы Сұлтан Бектөре.

Сондай-ақ министрлік бала Аягөз қаласының шегінде, қаланың шет жағынан табылғанын алға тартты. Оған медициналық көмек қажет болмаған. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Абай облысында боранда жоғалып кеткен баланың табылғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы