Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салына ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр инфрақұрылымды қолдау қоры құрылғанын айтып, онда жинақталған қаржы есебінен биыл өңірлерде 62 мектептің құрылысына қаржы бөлінгенін атап өтті.
Бүгінгі күні бұл мектептердің шамамен 10-ы 1 қыркүйекке қарай қолданысқа берілді. Жылдың соңына дейін 46 мектеп тапсырылады. Ал қалғаны келесі жылы аяқталады.
Бұл еліміздегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге бағытталған үлкен іс-шаралар. Бұл тек қана басы. Бүгінгі күні қалған жинақталған қаржыларға қатысты басқа да өңірлерден өтініштер жинап жатырмыз. Алдымен үшауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін нақты мектептердің тізімін анықтап жатырмыз, - деді ол.
Министр өз сөзінде мектеп салуға жергілікті кәсіпкерлерді және шетелдік инвестицияны тарту мәселесі бойынша да жоспарлары барын айтты. Бейсембаев болашақта үшауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешімін табатынын айтып, тіпті мектептер бірауысымды болуы мүмкін екенін айтты.
Ғани Бейсембаев «Боранбаевтан тәркіленген қаржыға мектеп салына ма?» деген сауалға жауап берді.
Шынын айту керек, бізге түсіп жатқан қаржының қайдан келіп жатқаны маңызды емес. Бізге сол қаржыны қажетті мектептерді салуға бұру мәселесі маңызды, - деп айтты ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, 2020-2022 жылдары 600-ден аса мектеп соғылып, 300 мың оқушы орны іске қосылған. Биыл 154 мектеп ашылып, 137 мың оқушы орнының тапшылығын жою мәселесі қолға алынып отыр.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қосымша 369 мектеп 740 мың оқушы үшін салынады.
Елімізде мыңнан астам мектеп реставрациядан өткізілуі керек. Олардың қатарында 50-70 жыл уақыттан бері жұмыс істеп тұрған мектептер бар.
Бұл мектептің барлығы қазір тіркеуден өткізіліп жатыр. Жағдайы тізімге алынып жатыр. Сондықтан болашақта олардың барлығы жаңартылып, әлемдік деңгейдегі заманауи мектептердің қатарына қосылады. Ол үшін бірқатар жұмыс та басталып кетті. Биылдың өзінде 200-ден аса мектеп жаңартылып жатыр, - деді Бейсембаев.
Қуантатын тағы бір үлкен сүйінші жаңалық бар. 2024 жылы шілдеде әлемдік деңгейдегі 7 пәндік олимпиаданың біреуі, дәлірек айтқанда, биологиядан халықаралық олимпиада Қазақстанда өтеді. Оған 80 мемлекеттен 300 оқушы келіп бақ сынасады, - деді министр.
Бұл жарысқа қазақстандық оқушылар да қатысады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер салуды тапсырған болатын.