Бөлінген ақшаны игере алмаған министрлер белгілі болды

16 Ақпан 2021, 09:52
2271
Бөлісу:
Бөлінген ақшаны игере алмаған министрлер белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің онлайн отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджетті игере алмай отырған министрліктер мен әкімдіктерді атады.

Министр баяндағандай, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,4%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 80,6%-ға атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша 1 трлн 212 млрд теңгеге сомасына шығыстар жүргізілді. Орындалмау 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу - 7 млрд теңге. Игерілмеу сомасы - 65 млрд теңге, - деді ол.

Жамаубаев ірі сомаларды игере алмаған орталық мемлекеттік органдарды атады. 

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары келесі орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты. Олар Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым және Мәдениет және спорт министрліктері, - деп айтты Қаржы министрі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу, шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну игерілмеудің негізгі себептері болып отыр.

Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің шығыстары 203 млрд теңгені құрады. Оның 49 млрд теңгесі атқарылмаған.

Осы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 ақпандағы ахуал бойынша  32 млрд теңге бөлінген. Олардың 79,3%-ы игерілген. 6 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 2 млрд теңгесі үнемделіп,  4 млрд теңге игерілмеді, - деді Жамаубаев.

Қаржы министрі айтқандай, бөлінген қаражатты Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола және Атырау облыстарында игере алмай отыр. 


Өзгелердің жаңалығы