Астанада халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр.
Әскери жасақтар жарыс өтетін спорт нысандарының маңында, қатысушылар мен ресми делегациялар орналасқан орындарда, көпшілік жиналатын қоғамдық кеңістіктерде, сондай-ақ негізгі көлік тораптары мен елорданың стратегиялық маңызды аумақтарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында Астана, Көкшетау, Қарағанды және Теміртау қалаларындағы әскери бөлімдерден сарбаздар тартылып, барлығы 1600-ден астам әскери қызметкер жұмылдырылды.
«Болашақ ойындары» аясында өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген сарбаздарды Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков арнайы марапаттады.
Бас қолбасшы халықаралық деңгейдегі жарыс барысында ұлттық ұландықтардың жоғары тәртіптің, қырағылықтың және әскери антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл жауапты қызметке әскери жолын жақында бастаған жас сарбаздардың да қатысқанын айтып, олардың әлемдік деңгейдегі іс-шара барысында мол тәжірибе жинақтағанын жеткізді.
Сонымен қатар ол марапаттың атқарылған міндетке берілген баға ғана емес, әскери борышқа адалдық пен мінсіз қызметке көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
Айта кетейік, мұнымен ұландықтар арқалаған жауапкершілік жүгі азаймайды. Себебі аталған іс-шара 9 тамызға дейін жалғасады және ұландықтар да қырағы қызметін атқара бермек.
Бұған дейін Қазақстанда алғаш рет «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі өтетіні хабарланды.
Сондай-ақ, Президент «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялады.