29 шілде мен 9 тамыз аралығында ұйымдастырылатын дода киберспортты, дәстүрлі спорт түрлерін және заманауи технологияларды біріктіретін жаңа форматтағы халықаралық жарыс болмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, турнирдің басты ерекшелігі – жарыстың клубтық форматта өтуі. Яғни, бұл жолы ұлттық құрамалар емес, халықаралық клубтар өзара бақ сынайды. Бір команданың сапында әртүрлі елдердің спортшылары өнер көрсете алады.
Сондай-ақ турнир аясында фиджитал дисциплиналар ұйымдастырылады. Бұл форматта қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте жарысып, кейін сайысты нақты спорт алаңында жалғастырады. Мәселен, фиджитал футболда командалар әуелі цифрлық футбол ойнап, одан кейін жасыл алаңда кездеседі. Осылайша цифрлық және дәстүрлі спорт бір жарыс форматына біріктіріледі.
Серік Жарасбаевтың сөзінше, бүгінде фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астанада осындай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі беделін арттырып, елдің заманауи спорттық бағыттарға ашық екенін көрсетеді.
Халықаралық турнир аясында сегіз дисциплина бойынша жарыстар өтеді. Атап айтқанда, қатысушылар фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал жекпе-жек, фиджитал шутер, фиджитал би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds бойынша бақ сынайды.
Жарыстар Астанадағы төрт ірі спорт нысанында ұйымдастырылады. Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде фиджитал футбол, баскетбол және жекпе-жек сайыстары өтсе, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Mobile Legends: Bang Bang және Dota 2 турнирлері ұйымдастырылады. BEELINE Arena Ұлттық теннис орталығында PUBG: Battlegrounds және Counter-Strike 2 бойынша жарыстар өтеді. Ал фиджитал би сайысы «Барыс Аренада» өткізіледі.
Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде турнир өтетін барлық спорт нысандары халықаралық жарысты қабылдауға толық дайын.
Тағы оқи отырыңыз: 1 млн долларлық жүлде: Астанада Dota 2-ден 16 команда күш сынасады