«Болашақ ойындары» бюджетінің жартысынан астамын демеушілер қаржыландырды – министрлік

Белгілі болғандай, турнирдің жалпы бюджеті 24 млрд теңгені құрайды.

28 Шілде 2026, 16:39
АВТОР
 Орталық коммуникациялар қызметі 28 Шілде 2026, 16:39
28 Шілде 2026, 16:39
205
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Болашақ ойындары» халықаралық турнирі бюджетінің жартысынан астамы демеушілік қаражат есебінен қалыптастырылды. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, турнирдің жалпы бюджеті 24 млрд теңгені құрайды.

Соның 10 млрд теңгеге жуығы республикалық бюджеттен бөлінді. Қалған қаражатты қазақстандық демеушілер мен ұйымдастырушылар қамтамасыз етті, – деді вице-министр.

Серік Жарасбаев ұйымдастырушылардың басты міндеттерінің бірі Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту болғанын атап өтті.

Осы мақсатта жарыстардың трансляциясына ерекше көңіл бөлінген. Вице-министрдің мәліметінше, «Болашақ ойындары» әлемнің 115-тен астам елінде көрсетіледі. Турнирдің трансляциясын таратуға 35-ке жуық шетелдік серіктес қолдау білдірген. Сондай-ақ халықаралық ірі стримингтік платформалар да жарысқа қызығушылық танытып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Dota 2 турниріне жалпы 16 команда қатысып, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салады.

Сондай-ақ, «Болашақ ойындары-2026» – турнирдің жүлде қоры 4,65 млн доллар екені хабарланды

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 50-ден астам ұлттың 800-ден астам спортшысы қатысады.

Наверх