Болашақ аспаздар калориясы аз наурыз көже әзірледі

18 Наурыз 2022, 16:45
3252
Бөлісу:
Болашақ аспаздар калориясы аз наурыз көже әзірледі
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің болашақ аспаздары Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік дастархан жайды. 

Студенттер әзірлеген наурыз көженің жеті бірдей түрі мерекелік дастарханның көрігін асырды. Ұлттық сусынды «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқитын жастар әзірлеген. Болашақ аспаздар көжені дайындаудың дәстүрлі әдістерін қолданып қана қоймай, заман талабына сай түрлендірген.

Болашақ аспаздар калориясы аз наурыз көже әзірледі

Колледж өкілі Мадина Кенжеғалиеваның айтуынша, «дұрыс» көже салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарға арналған. 

Қазіргі таңда дұрыс тамақтану мен спортпен шұғылданатын адамдар көп. Ұлттық тағамды олардың талғамына сай жасау үшін  каллориясы аз Наурыз көже ойлап таптық. Дәмдік қасиеттері дәстүрлі көжеден айнымайды. Дұрыс көже де жеті түрлі дәмнен жасалады. Болашақ аспаздар алғаш рет әзірледі. Дәмі қонақтарымыздың көңілінен шығады деген ойдамын, - дейді Мадина Кенжеғалиева. 

Ұлттық тағам колледж қабырғасында ұйымдастырылған шара аясында таныстырылды. Қош келдің, әз-Наурыз!» концерттік бағдарламасының сценарийін да студенттер өздері дайындады. Дарынды жастар ән мен биден шашу шашып, қазақтың ұлттық дәстүрлерін паш етті. Студенттер мен оқытушылар «Қырқынан шығару» және «Қыз ұзату» көріністерін ұсынды.

Болашақ аспаздар калориясы аз наурыз көже әзірледі

Айта кетейік, Ертіс өңірінде Ұлыстың Ұлы күні екі жыл бойы ауқымды түрде тойланған жоқ. Биылғы көктемдегі эпидахуал тұрақты. Соңғы екі күнде ауру жұқтырудың бірде бір дерегі тіркелген жоқ. Осы көктемде облыс орталығының 23 орнында мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Орталық алаңда ақшаңқан киіи үйлер орнатылып, ұлттық ойындар жарыстары өтпек.

Өзгелердің жаңалығы