Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен 51 адам өтеусіз грантқа қол жеткізді.
Мемлекеттік грант аудармашы, ТҚС және шиномонтаж қызметі, ұсақ мал өсіру, сұлулық студиясы қызметі, фаст фуд дайындау және сату, жылдам оқу мектебі, кондитерлік өнімдер өндірісі, психолог кабинеті, балмұздақ сату, құс шаруашылығы, жылыжай кешенінде көкөніс өндіру, компьютерлік диагностика қызметі, асхана, баспахана ісі, ірі қара мал өсіру, монша қызметі, ет өнімдерін өндіру эко-майлықтар өндірісі сияқты жобаларға берілді.
Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Бастау бизнес», өтеусіз грант және несиелендіру. Бағдарламаға қатысушылар: жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, кәсіпкерлер. Олар жолдама бойынша кәсіпкерікке тегін оқытылады, оның сертификаты үш жылға жарамды. 200 АЕК-ке дейін (583 400 теңге) өтеусіз грант – кәсібін жаңа бастағандарға мемлекеттің көмегі. Атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар және қандастар арнайы курстан өтпей-ақ бағдарламаға қатыса алады. Бизнес-жобалары комиссиядан өтсе, бір жылға келісімшарт жасалады. Өтеусіз грантты игеру мерзімі - үш ай, ал кәсібіңді кеңейту үшін кәсіпкерлікті қолдау қорымен 6%-бен несие беріледі, – дейді Көкшетау қаласының жұмыспен қамту ортылығының маманы Ернар Иманғали.
Орталық мамандарының айтуынша, еңбек нарығында мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджер, аспазшы, кондитер сынды мамандықтар сұранысқа ие. Қазіргі таңда бұл бағдарламалар арқылы тек, жұмыс ұсынушы тараптың тапсыры бойынша ғана оқытылады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Жеке кәсібін ашуды, өз уақытын өзі басқаруды қалайтын жандардың қатары артпаса, кеміп отырған жоқ.
Кәсіпкерлік негіздері туралы білім алуға келген азаматтардың көбі бизнес-идеяны курстан өту барысында ойға алады. Осы ретте бастапқы қаражаты мен тәуекелі аз жобалардан алатын тәжірибе мол болатындығын ескерген абзал. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан «Бизнес бастау» жобасы кәсіп ашуға көп мүмкіндік берді. Бағдарламаға қатысушылар үш айдың ішінде берілген қаражатты толық игеріп, жұмыспен қамту орталығы мамандарына есеп беруі тиіс. Олардың жұмысына әр ай сайын мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек салық төлеп, жобаларды дамыту талап етіледі. Мемлекет қаражатын жеке мақсатына пайдаланғандардан тиісті сома сот арқылы өндіріліп алынады, – дейді «Атамекен» ӨКП кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Анар Сәниева.
Айталық, бағдарлама қатысушысы – 21 жастағы Мәдина Тұрғанбек «Жалын» мектепке дейінгі бүлдіршіндерді оқыту орталығын ашуға ниеттеніп отыр.
Ж.Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжін тәмамдаған соң осы уақыт аралығында мектептер мен оқу орталықтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Осы саланы жан-жақты зерттедім. Қазіргі уақытта қалада ақылы жеке оқу орталықтары үлкен сұранысқа ие. Грант қаражатына техникалық құралдар мен парталар, проектор, маркерлік тақта алуды жоспарлап отырмын, жалға алатын орынды да қарастырып қойдым, - дейді Мәдина Тұрғынбек.
Айдос Қожахметов «Pesto» паста-бар ашуды жоспарлап отыр. Алты жыл қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеген ол осы кәсіпті бастамас бұрын тез дайындалатын тағамдар өндірісін тыңғылықты зерттеген.
Шолпан Хамзина соңғы бірнеше жылда пайда болып, кеңінен таралып келе жатқан бизнес түрі – клинингтік қызметпен айналысуды жөн көріпті.
Бұл кәсіпте де кез келген бизнестегідей тапсырысқа қарай табыс артады. Дегенмен ауқымды тапсырыс алуға ұмтылу аз уақытта көп қаражат табудың көзі. Клиентке адалдық, жауаптылық пен ұқыптылық тұрақты тапсырыстың кепілі,– дейді бағдарлама қатысушысы,
Бүгінгі еңбек нарығында сұранысы артқан той бизнесіне бет бұрған Айгүл Нығанова мерекелік шараларды безендіретін «AiQer Shar» агенттігін ашып, жұмысын бастап кеткен.
Білім алып, ізденуден ешқашан жалықпау керек екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Арнайы флористика курсынан өттім. Жаздан бері мерекелік шараларды безендірумен айналысамын. Біздің пайдаланатын шарлар сапалы, ауада тез ыдырап кететіндіктен, табиғатқа еш зияны жоқ. Бояуы шығатын қытайлық өнімдермен жұмыс істемейміз. Пандемия кезінде көпшілік мерекелік шараларды үйлерінде өткізгендіктен, шар жиынтығымен безендіруге сұраныс артты. Инстаграмм, OLX арқылы тапсырыс көп болды. Дайын өнімді тапсырыс берушілерге көлігіммен жеткізіп беремін. Тұрақты клиенттеріме жеңілдік те қарастырылған. Бағдарлама арқылы кәсібімді кеңейтсем деген тілегім бар, – дейді Айнүл Нығанова.
Ұлжан Бабаева эко-қуыршақ жасауды сүйікті ісіне айналдырып отыр.
Қазіргі уақытта «тильда» стиліндегі қуыршақтарға сұраныс артып келеді. Қуыршақ жасау менің хоббиім десем болады. Интернеттен қуыршақты қалай жасау керек туралы видео көріп, содан қызығушылық басталды. Айналысып келе жатқаныма быр жылдан асты. Осы уақыт ішінде инстаграм желісінде таргет арқылы көтерме бағамен жүз қуыршақ саттым. Оны жасауға үш-төрт сағат уақыт жұмсалады. Қуыршақ жасау шеберлікпен қатар табандылықты талап етеді. Яғни әр қуыршақты жасау арқылы тәжірибеңді жетілдіріп отырасың. Мен өз біліктілігімді жетілдіру мақсатында онлайн шеберлік-сағаттарына қатысып тұрамын. Айналысқаныма көп уақыт болмаса да маған қуыршақ жасауға тапсырыс берушілер және оны сатып алғысы келетіндер бар. Сүйікті ісімді бизнеске айналдырсам деген ойым бар, – дейді шебер.
Тұрсын Сейітқанов есімді қала тұрғыны жеміс ағаштарын будандастыру арқылы табыс тауып отыр. Ол бұрын спортты жанына серік етсе, бүгіндері жасыл желекке жаны құмар. Өнімін отбасы игілігіне айналдырып, өзінің сүйікті ісін ұрпағына ұлықтауды мақсат етуде.
Қаладағы екі сауда нүктесінде алма, алмұрт, өрік, шие, жидек, қарақат көшеттерін судаладық. Гүл көшеттері де сұранысқа ие. Жеміс түрлерін отырғызу көп жерді алмайды. Біз екі жылдық алма көшеттерін әкелеміз, ол екі-үш жылда өнім береді. Көктем мен күзде 500-600 түп ағаш көшетін саттық. Енді осы кәсібімізді кеңейту мақсатында «Еңбек» бағдарламасына жүгініп отырмын, – дейді көкшетаулық бағбан.
Бағдарламаға қатысушылар арасында мал өсіріп, табиғи өнім сатуға бел буған жастар да көп. Ата кәсіпті жаңғыртып, табиғи өнім өндіруге ниет білдіргендердердің бір легі Нұрлы көш ауылында сүт бағытындағы ірі қара мал шаруашылығын дамытуға бел буып отыр. Демек, ебін тауып, кәсіп ашамын деген адамға «Бизнес бастау» көп мүмкіндік береді.