Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су басу қаупі жоғары бес облысты атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Батыс Қазақстан облысы – 186 елді мекен, Қарағанды облысы – 150 елді мекен, Ақмола облысы – 144, Солтүстік Қазақстан облысы – 116, Шығыс Қазақстан – 72. Бірақ мен қазір ғана айтып кеткендей, бәрін де топан су басып кетпейді. Бұл су басу қаупі бар, бірақ оған ден қоя аламыз деген сөз, - деді министр Мәжілісте.
Ол 2024 жылғы тасқын кезде техникамен байланысты мәселелер туындағанын еске салды.
Техника тапшылығы болды. Әсіресе, батыс өңірлерде байқалды. Логистикамен байланысты сұрақтар болды. Тәжірибе бар, алған сабақтар бар. Оның бәрі уақытында жеткізіледі, - деп түсіндірді Шыңғыс Әрінов.