Биыл 30 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанға оқуға келді

1 Қараша 2024, 23:48
473
Бөлісу:
Биыл 30 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанға оқуға келді
Фото: baq.kz

Биылғы оқу жылында 30 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанға оқуға келген. Бұл соңғы екі жылмен салыстырғанда 10 мың студентке көп, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы министр Саясат Нұрбек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS пре-саммитінде айтты. Халықаралық шара QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынға 150 мемлекеттен келген 350-ге жуық жоғарғы оқу орны ректорлары, халықаралық сарапшылар және қазақстандық жоғары білім басшылары қатысты.

Қазақстанның жоғары оқу орындары әлемдік университеттермен серіктестікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Әлемде ауқымды үш рейтинг бар. Ең маңыздысы – QS халықаралық рейтингі. Бұл рейтингке Қазақстанның 21 университеті қатысады. Соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті отандық университеттер арасында көш бастап, 163-орында тұр, - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Айта кету керек, биыл министрлік тұңғыш рет отандық ұлттық университеттердің рейтингін жасап шығарды. Ол әлемдік сарапшыларымен бірлесіп дайындалды. Шетелден келген өзге университет өкілдері Қазақстанның білім сапасын жоғары бағалады.

Біз мұнда Қазақстандағы білім беру саласының деңгейін білуге келдік. Қазірдің өзінде 43 шетелдік университет Қазақстанның жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатуда. Бұл жоғары білім секторының ғылыми-зерттеу және академиялық көрсеткіштерін тез көтерудің бір жолы, - деді Лимерик университетінің жаһандық қатынастар жөніндегі вице-президенті Найджел Хили.

Өзгелердің жаңалығы