Бішкектегі митинг: 122 адам ауруханаға түсті

6 Қазан 2020, 03:42
1260
Бөлісу:
Бішкектегі митинг: 122 адам ауруханаға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бішкекте жергілікті сағат 24.00-дегі жағдай бойынша митингіге қатысушыларды тарату кезінде 122 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Кабар» қырғыз ұлттық ақпараттық агенттігі.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Бішкектің Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына 65 адам түсті.

Олардың ішінде 40 адам – күштік құрылымдардың қызметкерлері.

2 зардап шегуші адам сынық жарақаттармен жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайлары ауыр деп айтқан.

Ұлттық госпитальға 40 адам жеткізілді, оның екеуі – жансақтау бөлімінде.

№1 қалалық клиникаға 2 адам жатқызылған.

Шу облыстық ауруханасына 7 зардап шегуші жүгінген. Алғашқы медициналық көмектен кейін олар амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді.

Ұлттық хирургия орталығына 7 адам түскен. Оның ішінде біреуі емін амбулаторлық жағдайда қабылдайтын болады.

Қаза болғандар жоқ.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Бішкек қалалық Шұғыл көмек орталығының фельдшеріне шабуыл жасалған. Ол ауруханаға жатқызылды. Жедел жәрдем бригадасының екі көлігі зақымдалған.

Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті.

7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку кенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған.

Сайлау нәтижелерімен келіспеген демонстранттар Бішкекте Қырғызстан парламенті – Жогорку кенеш ғимараты мен Президент әкімшілігі қоршауынан секіріп кірмекке талпынды. Демонстранттар ғимарат ауласына бөтелке, тас лақтырды.

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ертең, 6 қазан күні парламенттік сайлауға қатысқан партия көшбасшыларымен кездесетіні хабарланды. 


Өзгелердің жаңалығы