Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

11 Қаңтар 2023, 10:20
923
Бөлісу:
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

2022 жылы елімізде Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 2 трлн теңгеге 160 жоба іске қосылып, өндіріс орындарында 15 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған жобалардың басым бөлігі құрылыс индустриясы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау мен металлургия салаларымен тығыз байланысты.  Іске қосылған жобалардың көлемі жағынан  Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұр. 

Былтыр жүзеге асырылған ауқымды жобаларға тоқталсақ, айталық Таразда «Қазфосфат» кәсіпорнында жаңа минералды тыңайтқыштар цехы ашылды. Осы жобаны сәтті іске асырудың нәтижесінде отандық шаруалардың аммофосқа (азотты-фосфорлы концентрацияланған ерітінді тыңайтқыш) деген сұранысы толық қанағаттандырылады деп жоспарланған. Бұл орайда Мемлекет басшысы ішкі нарықты отандық тыңайтқыштармен 100% қамтамасыз ету міндетін алдыға қойғанын айта кету керек. Осыған байланысты «Қазфосфат» ЖШС химия саласын дамытуға басымдық беріп отыр.  

Сондай-ақ былтыр желтоқсан айында KamaTyresKZ компаниясы Қазақстанда алғаш рет автомобиль шина өндірісін жолға қойған еді. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 171 млрд теңгеден асады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын 3,5 млн дана көпсалалы шинаны шығаруға қауқарлы. Зауытта мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.

Бұған қоса Ақмола облысындағы Райгородок кен орнын игеріп жатқан RG Gold алтын өндіруші компаниясы жылына 5 млн тоннаға дейін пайдалы қазбаны өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа тау-кен кешенін іске қосты. Аталған өндіріс орны автоматтандыру мен металлургия секторында жаңа технологияларды енгізуге машықтанған халықаралық инжинирингтік компаниялармен жобаланғанын айта кетейік.

Бұдан басқа Ақмола облысында жылына 120 млн кірпіш шығара алатын зауыт іске қосылды. Сапалы керамикалық кірпіш әлемге әйгілі Beralmar компаниясының испандық технологиясы бойынша дайындалады. Өндірісте жылу тасымалдағыш ретінде табиғи газ пайдаланылып, жылдық қажеттілік -18 млн текше метр. Зауыттың жанында қызыл және сары саздан тұратын жалпы ауданы 161 гектар аумақты алып жатқан карьер қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы