Біртанов ісі. Сот ДСМ өкілін істен шеттетті

12 Қаңтар 2023, 17:07
1003
Бөлісу:
Біртанов ісі. Сот ДСМ өкілін істен шеттетті

Елордада өтіп жатқан отырыста апелляциялық алқа Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылары Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевтің ісі бойынша жәбірленуші тараптың өкілін істен шеттетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, Денсаулық сақтау министрлігі Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевтің ісі бойынша зардап шегуші және азаматтық талапкер деп танылды. Сотта ведомствоның мүддесін Абай Ыдырысов ұсынды. Ол бертінге дейін министрліктің құрылымдық бөлімшесі – Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығында жұмыс істеген. 

Сот отырысында адвокат Серік Сағалиев алқадан Ыдырысовты істен шеттетуді сұрады. Мұны адвокат Үкіметтің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілуімен түсіндірді. Сәйкесінше, Ыдырысов басқа министрлікте жұмыс істейді деп саналатындықтан сотта ол Денсаулық сақтау министрлігінің мүддесін ұсына алмайды. 

Сот алқасы адвокаттың өтінішхатын қанағаттандыра отырып, Абай Ыдырысовты іске зардап шегуші тараптың өкілі ретінде қатысудан шеттетті. 

Адвокат Сағалиевтің өтінішінде баяндалған дәлелдер дәйекті және қанағаттандырылады, - деді судья.

Еске сала кетейік,  2022 жылы 28 қазанда бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот шешімі шыққан болатын. Сот Біртановты Қылмыстық кодекстің 3-тармақ 4-бөлім 361-бабында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып және бес жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады. Ал Елжан Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу туралы шешім шығарды.

Өзгелердің жаңалығы