Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында еліміздегі "Достық" атты өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов бірлігі бар елдің экономикасы өрлейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
30 жылдыққа арналған мерейтой сессиясы жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысы, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасындағы басым бағыттар бүгінгі нақты жұмыстар аясында айқындалды. Сонымен қатар, өткен 30 жылға қысқаша шолу жасалды, - деді Икрам Хашимжанов.
Хашимжанов ҚХА-ның 30 жылдағы жетістігін атап өтті.
Тақырыпқа тоқталсақ, осы 30 жылда Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырды. Бұл – үлкен жетістік. Енді осыны жоғалтпауымыз керек. Ол үшін ұлтаралық қатынастарға ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмыс жаңа тәсілдермен жүргізілуі тиіс, - дейді ол.
Оның сөзінше, елімізде заң бар, енді тәртіпті реттеу қажет.
Сол кезде мен айтқым келеді: бірлігі бар ел тасты да қақ жарады. Бірлігі бар елдің экономикасы да мығым болады. Бұл – өмірден алынған ақиқат. Мен әрқашан айтып жүремін: заң мен тәртіп болу керек. Заң бар жерде тәртіп те болады. Біз заңдылықты сақтауымыз қажет, - деп сөзін түйіндеді "Достық" атты өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы.