"Бір орынға 5 адам". Елімізде аудан әкімдеріне кандидаттарды ұсыну аяқталды

6 Қазан 2023, 12:43
3166
Бөлісу:
"Бір орынға 5 адам". Елімізде аудан әкімдеріне кандидаттарды ұсыну аяқталды
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Орталық сайлау комиссиясында пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидаттарды ұсыну қорытындысына қатысты отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, еліміздегі 45 әкім креслосына 249 кандидат ұсынылды.

Бір орынға орташа есеппен 5 адам бәсекелеседі. Дегенмен ауданға байланысты бәсеке де әртүрлі. Мәселен Курчатов қаласының әкімі болуға 9 адам таласады. Ал Ақмола облысындағы Жақсы ауданының әкімі болуға тек 3 кандидат бар, - деді ол.

Сондай-ақ кандидаттардың 36 пайызын саяси партиялар ұсынса, 64 пайызы өз атынан шыққан үміткерлер.

Кандидаттардың орта жасы - 47 жас. Ең көп үміткер 35-55 жас аралығында ұсынылды. Әкім болуға ең жас кандидат 27-де болса, ең егдесі 62 жаста. Саяси науқанға ұсынылған 249 кандидаттың тек 13-і әйел, - деп нақтылады Константин Петров.

Әкім сайлауына үміт білдіргендердің 63 пайызы мемлекеттік қызметте, 15 пайызы бизнесте, 10 пайызы бюджет саласында жұмыс істейді. Сондай-ақ 7 пайызға жуық кандидат уақытша жұмыс істемейді.

Ұсынушылардың біліміне тоқталсақ, кандидаттардың 22 пайызы экономист, 19 пайызы заңгер, 14 пайызы оқытушылар мен инженерлер. Сондай-ақ 10 пайызы ауыл шаруашылығын тәмамдағандар, - деді ОСК мүшесі.

Өзгелердің жаңалығы