- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді? Астана базарындағы бағалар
Бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді? Астана базарындағы бағалар
BAQ.KZ тілшілері елордадағы Big Шанхай базарындағы мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасын салыстырып, ата-аналардан биыл бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсайтынын сұрады.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
20 Тамыз 2026, 12:30
Жаңа оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. Ал 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшті. Айта кетейік, өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын сатып алуға кірісті. BAQ.KZ тілшілері елордадағы Big Шанхай базарына барып, мектепке қажетті негізгі тауарлардың бағасын білді.

Базардағы сатушылардың айтуынша, мектепке арналған рюкзактардың бағасы 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін жетеді. Кейбір сауда орындарында сөмкелерді 4-8 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Шопперлердің бағасы 1,5 мыңнан 5 мың теңгеге дейін.

Мектеп формасының бағасы да тауар түріне қарай өзгереді. Қыздарға арналған жейделер 4,5-5 мың теңге, белдемшелер 3-5 мың, шалбарлар 4,5-8 мың теңге аралығында. Ұлдарға арналған жейделердің бағасы 4-8 мың теңгеден басталады. Қытайдан әкелінген қыздарға арналған спорттық киімдердің бағасы 10 мың теңгеден жоғары.

Биыл бір түсті мектеп формасының бағасы 15 мың теңгеге дейін жетеді.

Аяқ киімнің бағасы да әртүрлі. Ұлдарға арналған туфли 7,5-13 мың теңге, қыздарға арналған аяқ киім 7-12 мың теңге тұрады. Кроссовкалардың бағасы 7-9,5 мың теңге аралығында.



Кеңсе тауарлары қанша тұрады?
Мектепке қажетті кеңсе тауарларының бағасы мынадай:

- 12 беттік дәптер – 25 теңгеден;
- қалам – 30-150 теңге;
- сурет дәптері – 250-1500 теңге;
- түрлі түсті қарындаштар – 500-2000 теңге;
- желім – 200-450 теңге;
- жалпы дәптер – 100-400 теңге;
- маркер – 1200-2200 теңге;
- пластилин – 550-1800 теңге;
- өшіргіш – 100-350 теңге;
- дәптер қаптамасы – 25 данасы 600 теңге;
- кітап қаптамасы – 10 данасы 1000 теңге;
- калькулятор – 800 теңге;
- сызғыштар жиынтығы – 100-600 теңге;
- пенал – 500-3500 теңге;
- циркуль – 350-2500 теңге;
- картон – 350 теңге;
- түрлі түсті қағаз – 250 теңге;
- күнделік – 400-1500 теңге;
- ұштағыш – 50-450 теңге;
- фломастер – 1200-2500 теңге.

Бірінші сынып оқушыларына арналған «Балапан жазу» жиынтығы 1500 теңге тұрады. Оның құрамында математикаға және жазуға арналған құралдар бар. Атлас пен контур картаның бағасы – 2000 теңге.

Базардағы менеджер Тоғжан Төйтебекованың айтуынша, оқу жылы басталар алдында кеңсе тауарларына сұраныс артады. Оның сөзінше, саудагерлер сатып алушыларға барынша жеңілдік жасауға тырысады.

Ата-аналар мектепке қанша қаражат жұмсамақ?
Елорда тұрғыны Ғалия Жүсіп биыл төрт баласын мектепке дайындап жатыр. Оның балаларының бірі бастауыш сыныпта, енді бірі жоғары сыныпта оқиды.

Мектепке төрт баламды дайындап жатырмын. Бірі бастауышта оқыса, енді бірі жоғары сыныпта. Биыл бір баланы мектепке дайындауға кем дегенде 80-100 мың теңге кетеді. Былтыр да балаларымды осындай сомаға киіндірген едім. Мысалы, дәл қазір бір шалбар алдым, 7 мың теңге болды. Қазір қалған заттарды алып жатырмын, – деді ол.
Биыл мектепке дайындық қымбаттады ма?

BAQ.KZ былтыр да осы базарда мектеп тауарларының бағасын салыстырған болатын.

Биылғы бағаны өткен жылмен салыстырғанда, сатушылардың айтуынша, кейбір тауарлардың құны шамамен 20 теңгеге өскен.

Ал Ranking.kz жүргізген мониторингте Қазақстандағы мектепке қажетті негізгі тауарлардың бағасы айтарлықтай өзгергені көрсетілген. Зерттеу барысында «Детский мир», Flip, Sportmaster сияқты офлайн және онлайн дүкендердегі, сондай-ақ Ozon мен Wildberries маркетплейстеріндегі бағалар салыстырылған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, желілік дүкендерде қыз балаға арналған мектеп жиынтығының құны 78 мыңнан 207 мың теңгеге дейін, ал ұл балаға арналған жиынтық 75 мыңнан 205 мың теңгеге дейін жетеді.

Шетелдік маркетплейстерде қыз балаға қажетті толық мектеп жиынтығы 97-211 мың теңге, ал ұл балаға арналған жиынтық 110-251 мың теңге аралығында.

Ұлттық статистика бюросының деректерін талдау мектеп формасының бағасы бойынша өсім қарқынының біртіндеп баяулағанын көрсетеді. Жыл басында баға индексі 110 пайыз болса, маусымда 107 пайызға дейін төмендеген.

Сонымен қатар балалар аяқ киімі бағасы ең жоғары өсіп отырған санаттардың бірі болып қалды. Соңғы бір жылда бұл сегменттегі баға индексі 112-115 пайыз аралығында сақталған.

Кеңсе тауарларында да баға өсімі байқалады. Соңғы бір жылда бұл тауарлар бойынша баға индексі 103-107 пайыз аралығында өзгеріп, 2026 жылғы маусымда 105 пайызды құраған.
Бұған дейінгі BAQ.KZ материалы арқылы былтырғы мектепке дайындық шығындарын да салыстыруға болады.
Ең оқылған:
- Зейнетақы жинақтарын 100% аудару: 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енеді
- Қатты жаңбыр мен +41°С ыстық: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?
- Тоқаев тоғыз елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның басты ұстанымын айтты
- Таразда тәрбиеші аутизмі бар баланы қол-аяғын байлап ұйықтатпақ болған
- Теңге нығайды: Доллар қанша тұрады?