Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оқу-ағарту министрлігі Тараздағы баланы ұру оқиғасына қатысты пікір білдірді

Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Баласын үрған әйел ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі шешімді кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қабылдайтынын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі Тараздағы баланы ұру оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Ведомствоның хабарлауынша, балалар Қамқорлық үйіне орналастырылған. Онда оларға қауіпсіздік пен күтім қамтамасыз етілген. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Қазіргі уақытта олар мамандардың бақылауында, жағдайлары тұрақты. Баланы зорлық-зомбылыққа ұшыратуға болмайды, оқиғаға қатысты тиісті құқықтық баға берілетін болады. Барлық кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Ата-аналық құқықтардан айыру мәселесі Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямен қаралады, – деп хабарлады Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды қорғау комитеті.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Тараз тұрғынының кішкентай ұлына қатыгездік көрсеткен бейнежазбасы тарады. Кадрларда әйелдің балаға физикалық күш көрсетіп, үлкен қызын да болып жатқан жағдайға қатыстыруға мәжбүрлегені көрінеді. 

Алғашқы ақпарат бойынша, оның іс-әрекеттері бұрынғы күйеуімен жанжал салдарынан жасалған болуы мүмкін.

Еске салайық, Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлімі бойынша тергеу басталды.

Өзгелердің жаңалығы