Бейжіңдегі Олимпиадаға 28 спортшы-динамошы кеткен

31 Қаңтар 2022, 11:11
1034
Бөлісу:
Бейжіңдегі Олимпиадаға 28 спортшы-динамошы кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз дәстүрлі брифинг барысында айтты. 

Өткен аптада ұлттық құрама 24-ші Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Бейжіңге ұшып кетті. Қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен 82 олимпиадалық лицензия жеңіп алған болатын. Оның ішінде биатлон, шорт-трек, конькимен жүгіру және тау шаңғысы спорты, фристайл-акробатика және тағы басқа спорт түрлері бар, - деді ол. 

Ораздың айтуынша, Ұлттық олимпиадалық команда құрамына 32 спортшы, оның ішінде 28 спортшы-динамошылар кіреді. 

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшылар жеңіп алған 72 олимпиадалық медальдың 60-ы «Динамо» қоғамының өкілдеріне тиесілі. Айта кету керек, ұлттық құрама командаларының 80%-дан астамын динамо спортшылары құрайды. Олар әртүрлі спорт түрлері бойынша өнер көрсетеді. 44 олимпиадалық спорт түрінің 36-сы «Динамода» дайындалады, - деді ол. 

Нұрділдә Ораз атағандай, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы - құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру және арнайы даярлығына жәрдемдесетін елдегі ең көне спорт ұйымдарының бірі. 

Тоқсан мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкері осы қоғамның мүшесі болып табылады. Олар 15 аумақтық филиалдағы 445 дене шынықтыру ұжымына біріктірілген. Қоғам сондай-ақ бұқаралық спортты, дене шынықтыру-спорт қозғалысын, жастарды тәрбиелеу бағытында қызмет атқаратын бірегей спорт ұйымы, - деді ол. 

Айта кетейік, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада 4 ақпанда басталады. 

Өзгелердің жаңалығы