Бейжіңде Қазақстанның сотталған азаматтарын беру мәселелері талқыланды

13 Сәуір 2023, 00:10
1131
Бөлісу:
Бейжіңде Қазақстанның сотталған азаматтарын беру мәселелері талқыланды
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Әділет министрінің орынбасары Лю Чжицянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар құқықтық саладағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі тараптардың өзара ықпалдасуын талқылады.

Шахрат Нұрышев сұхбаттасушыға Қазақстанда болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістер туралы айтып берді, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындылары туралы хабардар етті.

Сонымен бірге, қазақстандық дипломат ҚР мен ҚХР арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарт шеңберінде екі елдің өзара ықпалдасу мәселесіне назар аударды. Қазақстан Елшісі осы саладағы екіжақты қатынастарды дамытуға қосымша серпін беру мақсатында аталған құжатқа түзетулер енгізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Шахрат Нұрышев ҚР мен ҚХР арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт шеңберінде тараптардың өзара практикалық ықпалдасуын күшейтуді ұсынды. Бұл құжат ҚР және ҚХР пенитенциарлық мекемелерінде жазасын өтеп жатқан екі елдің азаматтарын өзара беруді көздейді.

Өз тарапынан ҚХР Әділет министрінің орынбасары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің сот және құқық қорғау жүйесін реформалауды қамтитын Қазақстандағы саяси өзгерістерге жоғары баға берді.

Лю Чжицян қазақстандық дипломат көтерген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, министрліктің құзыреті шеңберінде оларды одан әрі пысықтауға дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін тиісінше қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігі мен ҚХР Әділет министрлігі арасындағы өзара тығыз ықпалдасуды жалғастыруға келісті.

2015 жылдан бастап ҚР мен ҚХР арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа сәйкес қытай тарапы Қазақстанға ҚХР аумағында түрлі құқық бұзушылықтар үшін мерзімін өтеген еліміздің 15 азаматын берді.

Өзгелердің жаңалығы