Берік Уәли: Азаттық жолында төккен тер мен аққан қанды ұмытпауымыз керек

15 Желтоқсан 2021, 09:55
2220
Бөлісу:
Берік Уәли: Азаттық жолында төккен тер мен аққан қанды ұмытпауымыз керек
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай құттықтау жолдады. Бейнеқұттықтау Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

Берік Уәли бейнеқұттықтауды ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алаш Орда үкіметінің төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толуы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен «Алаш Республикасы: Де-юре және де-факто» атты халықаралық онлайн конференцияға арнайы жолдады.

Қазақ елі үшін биыл – ерекше жыл. Бостандық туын тіккенімізге 30 жыл. Бұл – өткенді саралап, барымызды бағамдап, болашаққа бағдар түзейтін сындарлы уақыт. Осындай тарихи кезең мен межелі белесте азаттық жолында төккен тер мен аққан қанды, әсіресе Алаш арыстарын ұмытпауымыз керек, - деді ол.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы өз сөзінде Алаш арыстарының есімін өшірмеу үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Біз де өз тарапымыздан Алаш арыстарына құрмет пен қызмет көрсету перзенттік борышымыз деп санаймыз. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильмін жарыққа шығардық. 14 бөлімі түсірілген, әлі де жалғасын табуы тиіс. «Беймәлім Алаш» атты деректі фильмдер циклын қалың көпшілікке ұсындық. «Алаш айтқан асыл сөз» және «Алаш жылнамасы» атты екі кітап құрастырдық. Бұдан бөлек, халықаралық және республикалық деңгейде көптеген шараларды ұйымдастырып келеміз, - деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы