Береке-бірлікті және тұрақтылықты сақтай білу өте маңызды – Тоқаев

21 Наурыз 2022, 11:55
1506
Бөлісу:
Береке-бірлікті және тұрақтылықты сақтай білу өте маңызды – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы бүгін Алматыдағы мерекелік шара кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Мемлекет басшысы кешегі қаңтар оқиғалары кезінде алматылықтар зор қауіп-қатерге төтеп бергенін, сын сағатта қала тұрғындары нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсеткенін атап өтті. 

Біз ауызбіршіліктің арқасында мемлекетімізді сақтап қалдық. Мен шаһарды қалпына келтіру үшін құзырлы органдарға нақты тапсырмалар бердім. Алматыны өркендету және жергілікті жұрттың тұрмыс сапасын жақсарту – менің айрықша назарымда. Баршаңызға мәлім, мен осыдан бірнеше күн бұрын халыққа Жолдауымды жарияладым. Елімізді түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ауқымды реформалар ұсындым. Саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуге бағытталған. Шын мәнінде, жаңа Қазақстанды құру дегеніміз – тек мемлекеттік аппаратты жаңғырту емес, бүкіл қоғам, әрбір адам өзгеруі керек, - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент әр азамат еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет екенін айтты. 

Бүгінгі алмағайып, құбылмалы заманда береке-бірлікті және тұрақтылықты сақтай білу өте маңызды. Осыны әрқайсымыз терең түсінуге тиіспіз. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Қазір біздің алдымызда зор міндеттер тұр және ауқымды жұмыстар бар. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барынша атсалысаты деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан халқының алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, барша халықты осы мақсаттарды бірлесе атқаруға шақырды. 

Тұғыры мығым, бірлігі бекем еліміз жасай берсін! Қазақстанымыз жасай берсін, мәңгі болсын! Әз Наурыз құтты болсын! Баршаңызға аманшылық тілеймін!, - деді Президент.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Алматыдағы "Астана" алаңында өтетін мерекелік іс-шараға қатысатыны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы