Белгілі скрипкашы Балым Қожамқұлова қайтыс болды

26 Наурыз 2021, 15:18
2844
Бөлісу:
Белгілі скрипкашы Балым Қожамқұлова қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтоты Райымқұлова Балым Қожамқұлованың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова скрипкашы, ұлағатты ұстаз Балым Қожамқұлованың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан скрипкашы, ардақты ұстаз, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балым Серәліқызы Қожамқұлованың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Балым əпкеміз қамшының сабындай қысқа ғұмырының 55 жылын шəкірт тəрбиелеуге арнап, мағыналы тірлік кешкен, қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, болмысы бөлек жан еді. Көптеген тəлімгердің шанағынан сиқырлы саз төккен скрипка аспабын еркін меңгеріп, қалыптасуына жағдай жасады, - деді ол.
Оның айтуынша, ол өз саласын індете зерттеп, «Қазақ скрипка музыкасының христоматиясы» атты жинақ құрастырып, жас өнерпаздарға құнды мұра қалдырды. Елімізге сыйлы да елеулі Қожамқұловтар əулетінің өнерге деген адалдығын жалғап, өз саласында өшпес із қалдырды.
Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі туған-туыс пен шəкірттерінің көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын, - деп жазылған министрдің көңіл айту хатында.

Өзгелердің жаңалығы