Белгілі қаламгер Шәрбану Құмарова дүниеден өтті

4 Желтоқсан 2019, 18:02
4409
Бөлісу:
Белгілі қаламгер Шәрбану Құмарова дүниеден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін 84 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері Шәрбану Мұхитқызы Құмарова дүниеден озды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Шәрбану Мұхитқызы - 1936 жылдың 1З мамырында Алматы облысының Есік қаласында туған. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

1961-1966 жылдары "Социалистік Қазақстан" ("Егемен Қазақстан") газетінде әдеби қызметкер, 1966-1968 жылдарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор, 1968-1972 жылдары қазіргі "Парасат" журналында жауапты хатшы, 1972-1974 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1976-1986 жылдары "Жазушы" баспасында редактор, аға редактор, "Қазақстан әйелдері" журналында қызмет еткен. 1991 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.

Жазушының "Қыз сыры" атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Сонымен қатар, ол "Терезелер" (1964), "Қос шынар" (1968), "Сәуірдің ақ таңы" (1971), "Қазбауыр бұлттар" (1980), "Белое утро апреля" (1978), "Қызыл қайың" (1979), "Женщине сорок лет" (1980), "Өмірім менің - өнерім" (Шара Жиенқұловамен бірге жазылған) (1983), "Әйел шырағы" (1985), "Жердің тұзы" (1991), "Құлжа жолы" (1977), "Сезім патшалығы" (2003) атты туындылардың, "Кімнің тойы?" (комедия), "Бір бойдақтың хикаясы", "Қара сандық", "Күләш-Шара" атты драмалық шағармалардың авторы.

Танымал жазушының қазасына байланысты ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ет-жақындарына көңіл айтты.

Әдебиет пен өнер саласының қайраткері Шәрбану Құмарованың әулетіне қаламгер апамыздың дүниеден өтуіне байланысты қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біршама жылдар қазіргі "Парасат" журналы мен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, "Жазушы" баспасында жемісті еңбек ете жүріп, талай дарынды жас буынды тәрбиелеуге үлес қосқан танымал жазушының соңында "Сезім патшалығы", "Өнерім менің – өмірім" романдары мен "Қазбауыр бұлттар", "Қызыл қайың", "Жердің тұзы" атты әңгімелер жинағы қалды. Шәрбану апамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін, - деп жазылған көңіл айту хатында.

Өзгелердің жаңалығы